Басты Жаңалықтар Alatau City: 2 млрд доллардан асатын 27 келісім жасалды

Alatau City: 2 млрд доллардан асатын 27 келісім жасалды

Alatau City жобасының инвестициялық роуд-шоуы Лондоннан кейін Берлин мен Франкфуртта жалғасты. Еуропадағы кездесулер нәтижесінде инвестициялық әлеуеті 2 миллиард доллардан асатын 27 келісімге қол қойылды. Марина Бекенова жалғастырсын.

Вице-премьер Қанат Бозымбаев бастаған делегация неміс серіктестеріне Alatau City жобасын таныстырды. Кездесулерде инженерлік инфрақұрылым, медициналық бұйымдар өндірісі, цифрлық технологиялар мен инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Кристина Хаверкамп, Dena энергетикалық агенттігінің басқарушы директоры:

Президент Тоқаевтың экологиялық тұрғыдан тұрақты әрі энергияны тиімді пайдаланатын қала салу бастамасы қуантады. Германияның бұл салада озық технологиялары бар. Неміс компаниялары жобаны жүзеге асыруға елеулі үлес қоса алады деп сенемін.

Келіссөздер нәтижесінде Alatau City Authority мен Alatau City Bank Германияның AKA Bank және KfW қаржы институттарымен бірқатар уағдаластыққа қол жеткізді. Олар инвестициялық жобаларды қаржыландыруға және неміс жабдықтарын сатып алуға бағытталған.

Марк Венчик, AKA Bank-тің бас атқарушы директоры, басқарма төрағасы:

Alatau City неміс компаниялары мен инвесторлары үшін жаңа нарыққа жол ашады. Бізді әсіресе қала инфрақұрылымы қызықтырады. Германия технологиялармен қатар жобаларды бірлесіп қаржыландыру тетіктерін де ұсына алады.

Еуропалық сапардың қорытындысында 27 коммерциялық келісімге қол жеткізілді. Оның 9-ы Ұлыбританияда, 18-і Германияда жасалды. Неміс тарапымен уағдаластықтардың инвестициялық әлеуеті 715 миллион доллар болса, Еуропа бойынша жалпы көрсеткіш 2 миллиард доллардан асады.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Бұл сапардың нәтижесі 2 миллиард доллармен шектелмейді. Алғашқы келісімдер мен уағдаластықтардың арқасында болашақта инвестиция көлемі 3, тіпті 5 есеге артуы мүмкін.

Alatau City жаңа технологиялар мен шетелдік инвестицияларды тоғыстыратын қалаға айналады. Жоба жүзеге асқан соң ел экономикасына тың серпін берілмек.

Бөлісу