Басты Жаңалықтар Вице-Президент Әл-Фараби мұрасына арналған халықаралық симпозиумға қатысты

Вице-Президент Әл-Фараби мұрасына арналған халықаралық симпозиумға қатысты

Алматыда әл-Фараби мұрасына арналған халықаралық симпозиум аясында Вице-Президент Ерлан Қарин Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымының (ИСЕСКО) бас директоры Салим Әл-Маликпен кездесті.Ерлан Қарин жаңа Конституцияның маңызына тоқталып, басты құжатта адам капиталын дамыту, білім беру, ғылым және инновацияларды ілгерілету елдің стратегиялық басымдығы ретінде бекітілгеніне тоқталды.

Вице-Президент әл-Фараби мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға қолдау көрсетіп, Түркістан қаласын 2027 жылғы Ислам әлемінің мәдени астанасы деп жариялау жөнінде шешім қабылдағаны үшін ИСЕСКО бас директорына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысын жеткізді. Сондай-ақ Вице-Президент Ерлан Қарин Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық және ғылыми мұрасына арналған «Философия. Этика. Болашақ» атты халықаралық симпозиумға қатысты. Жиынның ашылуында Ерлан Қарин Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді. Президент құттықтау хатында ұлы ойшылдардың озық идеяларын терең зерделеп, өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттаудың, сондай-ақ оның бәрін заманауи ғылым тұрғысынан пайымдаудың маңызды екенін атап өткен. Халықаралық симпозиумға еліміздің және шетелдің 150-ден астам ғалымы, зерттеушісі мен сарапшысы, сондай-ақ жетекші халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Ерлан Қарин, ҚР Вице-Президенті:

Қазақстан – көне мемлекеттер мен алып империялардың мекені ғана емес, бірегей дала өркениетінің де алтын бесігі саналады.Ұлы Далада мемлекеттіліктің терең дәстүрі қалыптасты. Ірі мәдениеттер мен дүниетанымдар түйісті. Ғылым мен өнердің, руханият пен ой-пікірдің өзіндік мектебі пайда болды.Сол зияткерлік әлеуеттің ең жарқын дәлелі – адамзат ойының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлғаларымыз екені анық. Осы орайда әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп сияқты ғұламаларды ерекше атап өтеміз.Бұл біздің «Қазақ елі, Ұлы Дала – ойшылдар мекені» деген тұжырымды ойымызды одан әрі қуаттай түседі.

Бөлісу