Басты Жаңалықтар «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгеріс енгізіледі

«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгеріс енгізіледі

Елімізде тұрғын үй қатынастары туралы заңға өзгеріс енгізу жоспарланып отыр. Жаңа ережеге сәйкес, мүлік иелері бірлестігі төрағаларының міндеті қайта нақтыланады. Яғни, олардың немен айналысатыны құжатта нақты көрсетіледі. Қазір бұл іспен арнайы құрылған топ айналысып жатыр. Тақырыпты әріптесім Рүстем Айткәрім толықтырады.

Үйдің шатыры бүлінсе, қасбеті құлап, жерасты тұрағы суға толса, инженерлік желісінде ақау шықса тұрғындар мүлік иелері бірлестігінің көмегіне жүгінеді. Жауапкершілік ұйым төрағасында. Ал олардың жұмысына көптің көңілі тола ма?

Тұрғын үй кешенін күтіп ұстауға қатысты мәселе жетерлік. Кейде ұйым басшысы ауысса да түйткіл шешілмей жатады. Өйткені, қандай жағдай болмасын төраға тұрғындармен жиналыс өткізбей жеке өзі шешім қабылдай алмайды. «Сондықтан қолданыстағы заңға нақтылық керек» дейді Құрылтай депутаты Екатерина Смышляева.

Екатерина Смышляева, ҚР Құрылтайының депутаты:

Елде болған кейінгі жағдайлар, сот процестері бізге қазіргі заңнаманың кей бөлімі жалпылама жазылғанын байқатты. Мәселен, құжатта мүлік иелері бірлестігі төрағасы тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасауы керек екені көрсетілген. Алайда, бұл міндетті бір адам жалғыз өзі орындай алмайды. Осыған байланысты түзету енгізіледі.  

Бастаманы көтергендер пәтер иелерінің жиналыс өткізу тәртібін жетілдіріп, МИБ-тің жаңа басшысын тағайындау рәсімін жеңілдетпек. Бұдан бөлек, қордағы қаражатты қорғауға, басқару жүйесін цифрландыруға да айрықша мән беріледі.

Дәулетхан Ахметов, заңгер:

ОСИ-ге жалпы осы системаға біріңғай портал енгізу керек. Яғни сол жақта толығымен көрсетіледі. Бүкіл жаңағы қанша ақша түсті, қанша ақша қаражат жалпы қандай шығындарға кетті. Ол жақта енді жұмыстың атқарылғаны туралы акты болуы керек, бүкіл протоколдар болуы керек.

Мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Жандос Ахметов заңға тағы бірнеше өзгеріс енгізу керек деп санайды. Айтуынша, ұйым басшысының өкілеттігін кеңейту, жанжал туғанда құқығын заң жүзінде қорғау әрі жұмыс жүктемесіне сай айлық мөлшерін белгілеу – кезек күттірмейтін мәселе.

Жандос Ахметов, мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:

Төрағаларға салынған міндеттеме көп. Бірақ бір ЖК-ның ішінде біреу бүлдіріп жатса, заңнамаға қарама-қайшы әркет жасап жатса, мысалға, өрт дәлізіне бірдеңе қойып жатса, оған ол ешқандай шара қолдана алмайды. Сондай жағдайлардың барлығын реттесе, оған қосымша лауазым берсе, онда әрине ол өзінің жұмысын дұрыс атқарар еді.

Рүстем Айткәрім, тілші:

Жоспарға сай, заңға түзету дайындау ісін келер жылдың соңына қарай аяқтау көзделіп отыр. Оған дейін ережелердің әлі талай талқыланары анық. Ал қандай ұсыныстың қолдау тауып, қайсысының құжатқа енетінін жауапты мамандар шешеді. Бастысы – жаңа талапта тұрғындардың да, МИБ төрағаларының да мүддесі ескерілуі тиіс.

Рүстем Айткәрім

Бөлісу