Басты Жаңалықтар Халық Кеңесі жанынан жастар қозғалысын құру ұсынылды

Халық Кеңесі жанынан жастар қозғалысын құру ұсынылды

Ал, Қазақстан Халық Кеңесі жанынан жастар қозғалысын құру ұсынылды. Оның құрамына 126 жас кіреді деп жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш Халық Кеңесі мүшелерінің санымен сәйкес келеді.

Бұл жөнінде саяси ұйымның төрағасы Ерлан Қошановтың қатысуымен Петропавл қаласында өткен жастармен кездесуде айтылды. «Ұлттың жаңа болмысы: жастар және азаматтық жауапкершілік» атты республикалық жастар лагерінің жұмысына 400 адам қатысты. Кездесудің басты тақырыбы - президенттік реформалар, олардың жастар әлеуетін ашудағы рөлі және Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мәселелері. Еліміздің даму қарқынына тоқталған Ерлан Қошанов негізгі экономикалық көрсеткіштерді мысалға келтірді. Соңғы жеті жылда жан басына шаққандағы табыс 50 пайыздан аса өсіп, 15 мың доллардан асқан. 3,6 млн жаңа жұмыс орны ашылды. 650 мыңнан астам білім гранты бөлінді, студенттердің стипендиясы – 2,5 есеге, ал докторанттардың стипендиясы 3 есе өсті. Сондай-ақ 267 жатақхана салынды.

Ерлан Қошанов, Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы:

Біздің алдымызда да үлкен міндет тұр. Қуатты, әділетті, өркениетті Қазақстан құру. Келер ұрпаққа іргесі берік, болашағы баянды ел қалдыру. Өйткені, елдің ең асыл байлығы – білімді ұрпақ, биік рухты, парасатты азамат.

Қызылжар өңіріне сапары барысында Халық Кеңесінің мүшелері өңірдегі қоғам өкілдерімен кездесіп, аймақтың ғылыми-білім беру инфрақұрылымы мен Тайынша қаласындағы жаңа IT-орталықтың жұмысымен де танысты.

Бөлісу