Қазақстан мен Кувейт арасында тікелей әуе рейсін ашу бойынша келіссөз жүруде
Қазақстан мен Кувейттің арасындағы дипломатиялық қатынас 1993 жылы орнаған еді. Әлеуеті мықты, экономикасы бай ел біздің елдің барлық бастамаларымызды қолдап келеді. Алайда, екі елге ортақ жоба аз, қатынау жағы да шешілмеген. Екі елдің арасындағы тауар айналымын да арттыру өзекті.
Әл-Кувейт. Мұнайдың үстінде отырған мемлекет. Ол Ислам әлемінде ерекше құрметке ие. Ол – халқының тірлігі шуақты, бірлігі қуатты ел. Оның мұнай қоры әлі 100 жылға жетеді. Өз елімізге инвестиция құюға қауқарлы, туристері де келе алады. «Әттегенайы» тікелей әуе рейсі жоқ, Қазақстанның визасын алу олар үшін қиындық туғызады. Инвестиция игілігін де көре алмай отырмыз.
Валид аль-Бахар, Кувейттің Араб экономикалық даму қорының өкілі:
- Өкініше қарай, Қазақстанмен ортақ жобаларымыз саусақпен санарлық. Соңғы 20 жылда біздің қор Өзбекстанға 9 жобаға инвестиция құйды. Бес жоба Тәжікстанда, төртеуі Қырғызстанда. Негізі біз жұмыс істеуге дайынбыз.
Күн ыстық, жазда 55 градусқа дейін жетеді. Сондықтан да, оларға өзгенің өнімін тұтынуға тура келеді. Азық-түліктің 90 пайызы импорт. Кувейттіктерге ет ұнайды, әсіресе, органикалық таза етке сұраныс жоғары. Тасымалдау мен логистика мәселесін шешсе, бұл нарық біз үшін тиімді болар еді. Өйткені, етті қазір олар Австралиядан алады.
Алмас Әбдіраманов, Қазақстанның Кувейттегі Төтенше және өкілетті елшісі:
- Олар Австралиядан ет салып алуды тоқтатып, басқа нарық іздеп жатыр деп естідім. Сондықтан, бұл біз үшін үлкен мүмкіндік. Біз қазір осы жұмыстарды жүргізіп жатырмыз, әлеуеті мол кәсіпкерлермен келіссөздер де өтуде. Тасымалдау мен логистика бойынша көптеген сұрақтар көп.
Кувейт Астана қаласы әкімдігі жаңа ғиматарының құрылысына 10 млн. доллар, Астананың сол жағалуы инфрақұрылымының және Арал теңізі аймағын сумен қамтамасыз ету жобасының техника-экономикалық негіздемелерін әзірлеуге - 2,3 млн. доллар гранттар бөлді. Кувейттік кредиттер есебінен 11,5 млн. доллар Қызылорда облысының Арал және Қазалы аудандарындағы сумен қамтамасыз ету, санитария және денсаулық сақтауды жақсарту жобалары жүзеге асырылды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің де ғимаратын салып берген. Қазір тікелей әуе рейсін ашу бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Қазақты дос, Қазақстанды әріптес мемлекет көретін кувейттіктер достықты нығайтуға мүдделі.
Индира БЕГАЙДАР
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы