Еуразиялық экономикалық форумда «Астана» қаржы орталығы таныстырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуразиялық экономикалық форумда «Астана» қаржы орталығы таныстырылды

26.10.2018

Италияның Верона қаласында өтіп жатқан Еуразиялық экономикалық форум аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысы таныстырылды. Жиында еуропалық бизнесмендер ғана емес, белгілі саясаткерлер де бұл жобаның келешегін жоғары бағалады. Себебі, мамандардың пікірінше, еліміз Ресей, Қытай сынды үлкен нарықтың ортасында тиімді орналасқан. Форумда айтылған осы және өзге де өзекті ойлар Нұртас Солтанұлының репортажында.  

 «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылғанына көп болмаса да, жұмысы қарқынды. Бұл күндері орталықта 80-ге жуық компания тіркелген. Бұл көрсеткіш келешекте еселеп өсуі тиіс. Ал, ол үшін шет мемлекеттерде «Астана» биржасын кеңірек насихаттау қажет. Сондай шараның бірі бүгін Веронадағы форумның аясында өтті. 

Марат Айтенов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

 Еуразия аймағында біз сияқты юрисдикция жоқ. Сондықтан, осы жағынан қарағанда, «Астана» қаржы орталығы ерекше көзге түсіп жатыр. Өйткені, ағылшын заңнмасымен жұмыс істеп жатырмыз. Әлемдегі ең белгілі биржалар бізге келіп, сауда-саттық платформасында қарым-қатынас жасап жатыр. 

«Астана» қаржы орталығының қызметімен форумға келген еуропалық бизнесмендер ғана емес, саясаткерлер де танысты. Мәселен, Италияның бұрынғы премьер-министрі Романо Проди «бұл орталықтың келешегі зор», деп отыр. Қазақ журналистеріне жеке сұхбат берген танымал саясаткер, еліміздің инвестициялық климатын да жоғары бағалады.

Романо Проди, Италияның бұрынғы премьер-министрі:

Қазақ елі қазір шикізаттық секторға деген тәуелділігін азайтып, өз экономикасын әртараптандырып жатыр. Мәселен, Қазақстанда өндіріс және ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Сондықтан, шетелдік инвесторлар үшін бұл өте тиімді әрі келешегі зор нарық. Әлемдегі түрлі сауда текетірестері болмаса, бұл процесс тіптен жеңіл жүрер еді. 

Сауда текетіресі демекші, бұл тақырып Верона форумында көп талқыланған мәселені бірі. Бұл тұрғыда кәсіпкерлер экономикалық интеграцияны дамытуға әманда дайын. Алайда оған, әзірге кейбір саясаткерлердің амбициясы кедергі болып тұр.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу