Басты Жаңалықтар Теңге нығая бастады

Теңге нығая бастады

Теңге қайтадан нығая бастады. Бүгін ақша айырбастау пунктерінде АҚШ-тың бір доллары 358 теңгеден сатылып жатыр. Бұған дейін 380 теңгеден асып жығылған еді. Жалпы, көк қағаз бағамының сәт сайын бұлай құбылуына не себеп? Ұлттық банктің теңгені еркін айналымға жіберу саясаты қаншалықты дұрыс болды? Сарапшылар мен экономистер не дейді?

Экономистердің пікірінше, теңгенің құбылуына Ресейге салынып жатқан санкциялардың әсері бар. Өйткені, елімізге сырттан келетін тауарлардың 30 пайызы - Ресейге тиесілі. Сондықтан, көрші елдің рублі нығайса, бізде де сол үрдіс байқалады. Ал, қазір Ресейдің орталық банкі негізгі мөлшерлемені 7,5 пайызға арттырып, бюджеттік ережелерге байланысты шетелдік валютаны сатып алуды ұзартқан.

Меруерт Махмутова, Қоғамдық проблемаларды талдау орталығының директоры:

- Ресеймен экономикалық қарым-қатынасымыз Еуразиялық экономикалық одаққа бірге қосыламыз дегеннен бері біздің импорттың 31 пайызы Ресейден болса, биылғы жылы ол 40 пайызға дейін көтеріліп отыр. Сондықтан, Ресейдің экономикалық жағдайы біздің экономикамызға осы Ресей рублі арқылы Қазақстан теңгесі долларға қарағанда өзгеріп жатады.

Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Айдархан Құсайынов теңгенің тек рубль бағамына қатысты құбылып отырғандығын жоққа шығарды. Оның сөзінше, валютаның құнсыздануы - дамушы мемлекеттердің бәрінде бар құбылыс.

Айдархан Құсайынов, ҚР Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі, экономист:

- Қазір әлемдегі барлық дамушы елдерде валютаның құнсыздануы көрініп отыр. Мысалы, Оңтүстік Африка мемлекеті, Аргентина, Түрік лирасы, Қытай юані, Латын Америкасындағы біраз елдерде осы жағдай. Себебі, соңғы кездері дамушы мемлекеттердің валютасына қарсы халықаралық алып-сатарлардың ойыны болды. Біз де ашық нарыққа негізделген мемлекет болғандықтан, әлемдік трендке тап болдық.

Теңгенің құбылуына тағы бір себеп - Ұлттық банктің «инфляциялық таргеттеу» саясаты, - дейді мамандар. Яғни, жыл өткен сайын қаржылық реттеуші құрылым «Базалық мөлшерлемені» мақсатты түрде түсіріп келеді. Ал, базалық мөлшерлеме төмен елдердің валютасы құнсызданатындығы әлемде бар үрдіс. Бірақ, «инфляциялық таргеттеу» саясатының тиімді тұсы да аз емес.

Мақсат Халық, «Pro gente» экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі:

- Оның негізгі көздегендегі мақсаты инфляцияны төмендету. Ол не үшін керек? Инфляция неғұрлым төмен болса онда, тауарлар бағасының өсімі де аз болады. Ол халық үшін жақсы. Несиелердің пайызы төмен болады. Ол халық үшін және бизнес жүргізетін кәсіпкерлер үшін жақсы. Өйткені, төмен пайызбен несие алады да, жұмысын жүргізе береді. Осы саясатқа бола төмендетіп келе жатыр.

Экономикалық саясатқа байланысты түрлі шаралар жасалғанымен, теңгенің бірде құлдырап, бірде көтерілуіне көпшіліктің еті үйреніп қалған тәрізді.

Сарапшылардың айтуынша, теңгенің күз мезгілінде құбылуы жылда қайталанатын жағдай. Сондықтан, дәл қазір АҚШ долларын сатып алуға да, сатуға да асықпау керек. Өйткені, теңге еркін айналымға жіберілгендіктен, оның ертеңгі бағамы қандай болатындығы белгісіз.

 

Аманкелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу