Анкарада қазақ-түрік инвестициялық форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Анкарада қазақ-түрік инвестициялық форумы өтті

12.09.2018

Бүгін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркия Республикасына ресми сапары аясында Анкарада қазақ-түрік инвестициялық форумы өтті. Бауырлас екі елдің бизнес өкілдері бірнеше сүбелі келісімге қол қойды. Осы уақытқа дейін елімізге 55 млрд. доллар инвестиция құйған Түрік елі сауда саласындағы ынтымақты әрі қарай арттыра беруге мүдделі.

Түркия Қазақстанмен бірлескен компаниялары бар елдер арасында Ресей мен Қытайдан кейінгі үшінші орында тұр. Жыл сайын қос мемлекет арасындағы сауда айналымы шамамен 20 пайызға артып отырады. Бүгінгі форумда сөз алған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин алда екі ел арасындағы тауар транзитін жылына 5 млн. тоннаға жеткізу мақсаты тұрғанын айтты.

Бүгін қол қойылған келісімдер түрлі саланы қамтиды. Олардың қатарында Түркістан облысында Күн электр станциясын салу, Жамбыл облысында каустикалық сода шығаратын зауыт құрылысын бастау және Алматыдағы «ДаунТаун» жобасын іске асыру сияқты сүйекті жобалар бар.

Қос тараптың бизнес өкілдері бүгінгі кездесуден зор үміт күтіп отыр. «Әлемдегі алпауыт мемлекеттер арасында сауда соғысы қызып тұрған бүгінгідей уақытта даму үшін бірлесе жұмыс істеу маңызды», - дейді олар.

Қазақстан мен Түркия арасында сонау 1992 жылы инвестициялар туралы келісімге қол қойылған. Кәсіпкерлер осы келісімді жаңарту арқылы байланыстарды одан әрі нығайтуымыз қажет деп отыр.

Айдос ӘШІМҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу