Алматыда 62 мыңнан астам адамға коммуналдық қызмет ақысы төленетіні бұған дейін айтылды. Ал көмек алатындардың қатарына кіргендер коммуналдық қызметтердің ақысын алдағы айларға төлеп қойса және оның сомасы 15 мыңнан аспаса, қайта есептеу жүргізіледі.
Осы және өзге де сұрақтар бойынша 341-05-27 нөміріне қоңырау шалу керек. Сонымен қатар, тұрғындар орталыққа хабарласып, жеке сәйкестендіру номері мен аты-жөні арқылы көмек алатындардың тізімінде бар-жоғын анықтай алады. Айта кетейік, мұндай көмек 1-ші, 2-ші және 3-топтағы мүгедектер, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар мен ең төменгі зейнетақы алатындар және атаулы әлеуметтік көмек алатындарға арналған.
Ал бас қалада осы көмекті үлестіру алгоритмі әлі әзір емес. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қазір коммуналдық қызмет ақысын нақты кімдерге және қалай беру тетіктерін қарастырып жатқанын және тиімді механизм дайын болған соң, жуық арада хабарлап, іске кірісетіндерін айтып отыр. Бастысы, коммуналдық қызмет үшін белгіленген 15 мың теңгелік көмектен шын мұқтаждар қағылмайтынын айтып сендірді әкімдіктегілер.
Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ