Коронавирус Еуропада өршіп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирус Еуропада өршіп тұр

16.03.2020

Әлемде коронавирусты бір тәулікте 11 мың адам жұқтырған. Бұл турасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы хабарлап отыр. Италия, Иран, Оңтүстік Кореямен қатар Испания мен Францияда да жағдай өршіп тұр. Осылайша, Еуропа COVID-19 пандемиясының жаңа ошағына айналды. Соңғы мәліметке сәйкес, әлемде инфекцияны жұқтырғандар саны 170 мыңнан асты. Толығырақ тілші материалында.

Италия бір тәулікте коронавирус құрбандарының саны бойынша алдыңғы орынға шықты. Мұнда соңғы 24 сағатта 368 адам көз жұмған. Ал қауіпті инфекцияны жұқтырғандар саны 25 мыңға жетіп қалды. Вирус Еуропа елдеріне түгел тарап, шекаралар жабылып, оған қарсы күрес күшейтіліп жатыр.

Украина болса, пандемия өршіп тұрған сол Италиядан тағы 123 азаматын эвакуациялады. Өткен аптада елде коронавирустың алғашқы құрбаны тіркелді. Қаза тапқан әйел 71 жаста болған.

Бұл жастағы егде адамдар вирустан көп зардап шегетін осал топқа жатады. Сондықтан, Ұлыбритания 70-тен асқан қариялардың барлығын 4 айға дейін оқшауламақ.

Бүгінде көпті «пандемия қашан тоқтайды?» деген сауал мазалайды. Соңғы уақытта күн жылынған сайын вирус өледі деген пікір жиі айтылуда. Дегенмен, бұл ақпарат ғылыми түрде әлі расталған жоқ.

Ал вирустан қорғайтын заттар тапшылығы көптеген мемлекеттерде байқалып отыр. Кәсіпорындар жеткілікті өндіргенімен, алып-сатарлар бағаны аспандатып отыр.

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу