Короновирустан қорғану шараларын күшейту үшін Үкімет резервтен қосымша 1 жарым миллиард теңге бөлді. Оған медициналық құралдар, маскалар тағы да басқа қажетті заттар алынады. Сақтық шаралары күшейтілді. Бірақ әзірге алаңдауға негіз жоқ. Короновирусқа күдікті ретінде ауруханаға жатқызылған 54 адамның 16-сының диагнозы расталмаған соң, үйлеріне қайтарылды. Ал қалған 38-і қатаң санитарлық бақылауда.
Осы күндері колл- орталыққа үздіксіз қоңырау соғып, алаңдаушылық білдіріп жатқан тұрғын көп. Министр барлығын сабыр сақтап, негізсіз ақпаратқа сенбеуге шақырды. Облыс, қалаларда медициналық масканың жетіспеушілігі туралы ақпарат та жалған екенін Елжан Біртанов айтты. Ал Қытайдағы студенттер мен туристер бүгін-ертең елге жеткізіледі.
Короновирустың белгілері өзге де вирусты инфекцияға өте ұқсас екендігін мамандар қайта- қайта ескертуде. Сондықтан әрбір адам өз денсаулығына бей-жай қарамай, ағзадағы өзгерістерге мән бергені жөн-дейді дәрігерлер. Гигиеналық талаптарды сақтап, екпе салдыруға кеңес береді.
Бір айдың ішінде Қытайдан елімізге 20 мың 515 адам келген. Олардың 600-ге жуығы шет ел азаматы. Барлығы тиісті медициналық тексеруден өтіп, қатаң бақылауға алынған.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ