Ақмола облысының қар басып қалған жолдары ертең ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысының қар басып қалған жолдары ертең ашылады

29.01.2020

Қаладан шыға берісте қаз-қатар тізілген жүк көліктерінің тұрғанына бүгін төртінші күн. Көпшілігі Ресейлік екенін байқадық. Жүргізушілер көліктерін күндіз-түні сөндірмей, кабинаның ішінде ас-суын дайындап күнелтіп отыр.

Биіктігі 2-3 метр болатын қалың қардың үстіне шықсаңыз, арғы бетте Қажымұқан және Арайлы ауылы жатыр. Одан әрі ондаған елді мекен бар. Міне 3-4 күннен бері мыңдаған адам елордаға жетуге, жету тұрмақ жолдан өтуге қиналып жүр. Ақмола облысына оқтын-оқтын қоңырау шалып, кеше кешкісін техника келіпті. Қазір уақыт түстен асты осы аралықта небары 150 метр ғана аршылған.

Қарапайым жұмысшылар қал-қадірінше жұмыс істеуде. Жұмысты қадағалап жүрген жетекші немесе жауапты шенеунік жоқ. Ақмола облысының әкімдігіне хабарласып жауап ала алмадық. Баспасөз қызметі ауызша «ҚазАвтоЖол» компаниясына сілтеді.

Ақмола облысы бойынша 30-ға жуық жол учаскесін қар басып, 60-қа жуық техника жұмылдырылған. «ҚазАвтоЖол» мекемесінің өкілдері қосымша Қостанайдан техника алдырып жатқанын айтады. 1-2 күнде қар басқан жердің бәрі ашылады деп сендірді.

Ербол МӘНДІБЕК


Хабарламаларға жазылу