Басты Жаңалықтар Қытай мен Қазақстан арасындағы көлік қатынасы уақытша тоқататылды

Қытай мен Қазақстан арасындағы көлік қатынасы уақытша тоқататылды

Еліміздің үкіметі Қытайдан шыққан жұқпалы індет коронавирустан қорғану үшін шұғыл шешім шығарды. Атап айтқанда, бүгіннен бастап Қытай мен Қазақстан арасына қатынайтын автобустар уақытша тоқтатылды. Ақпаннан бастап темір жол және әуе қатынастарының қозғалысына да шектеу қойылмақ.

Мамандар денсаулығында күмәнді белгілері болған 35 науқасты ауруханаға жатқызып, медициналық тексеру жүргізген. Оның 27-сінің маусымдық тұмауға шалдыққаны анықталды. Ал сегізінің қан сараптамасы Алматыдағы ұлттық инфекциядық орталыққа жіберілген.

Жұқпалы індет шыққалы бері Қытайдан 12 мыңнан аса адам келген. Қазір мамандар олардың барлығын жіті бақылауда ұстап отыр.

Кеше көкшетаулық 2 бала осы ауруды жұқтырған болуы мүмкін деген ақпарат тараған еді. Тексеріс нәтижесі оны жоққа шығарды. Отбасы қаңтар айында Қытайда болған. Бұл деректің де жағдайды ушықтырғаны анық.

Шындыққа жанаспайтын ақпараттың бірі - Қытайдың Дунгуан қаласында жоспарланған жарыстың Нұр-Сұлтанда өтетіндігі туралы. Үкімет ұсыныстың болғанын растап, алайда қазақ тарапы қабылдамағанын жеткізді. Ал екі ел арасындағы қатынасты тоқтату бүгіннен басталды.

Үкімет екі ел арасындағы көлік қатынасына шектеу қойып қана қоймай, қытай азаматтарына әзірге виза бермеу туралы шешім шығарды. Сондай-ақ аспан асты еліне жоспарланған іс-сапарлар да тоқтатылды. Сақтық шараларының бұлай күшейтілгені күмәнді едәуір сейілтетіні рас.

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ


Бөлісу