Тәуелсіздік монументі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік монументі

12.12.2019
Тәуелсіздік монументі

Қазақстан енді-енді еңсесін тіктеп, аяғына тұрып келе жатқан тұста тәуелсіздігімізді дәріптеп, абыройын асқақтатып тұратын ерекше ескерткіш керек болды. Дәл осы кезде (Тәуелсіздіктің бес жылдығына орай) Алматыдағы Республика алаңында «Тәуелсіздік монументі» бой көтерді. Әуелі еңселі ескерткіштің тарихына көз жүгіртейік.

Бірде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мысыр еліне жасаған сапарында тәуелсіздіктің құрметіне қойылған Луксор қаласының қақ ортасындағы монументке көзі түсіп, дәл сондай ескерткішті елімізде де орнатсақ деген ойға келеді. Кейінірек бұл ойын белгілі сәулетші Шота Уәлихановқа жеткізіп, жаңа туындының салынуы жөнінде шешім қабылданады. Осылайша Тәуелсіздігіміздің бес жылдығында Алматы қаласында (Күләш Байсеитова мен Қаныш Сәтбаев көшелерінің қиылысында) «Тәуелсіздік монументі» ашылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев пен Түркияның бұрынғы президенті Сүлеймен Демирел қатысты. 


«Тәуелсіздік монументінің» авторлары: архитектор Ш.Уәлиханов (топ жетекшісі), мүсіншілері Н.Далбай, Ә.Жұмабаев, сәулетшілері Қ.Жарылғапов, Қ.Монтақаев, құрастырушы С.Қаламқаров, құрылысшы А.Ермегияев.

Монументтің жалпы биіктігі 180 метрді құрайды. Ал оның орта тұсындағы көне тарихи жазбалары бар тақтаның ұзындығы – 28 метр. Мәдени ескерткіштің ең биігінде ұзындығы 6 метрді құрайтын «Алтын адам» орналасқан. Жалпы, бұл өнер тундысының әр бөлігінің астарлы мәні бар. Тастағы жазбалар, көркемделіп құйылған торкөз кесіндемелер ел тарихындағы ірі оқиғалардан хабар береді. Мұнда Томирис билік еткен тұстан бастап, қазақ хандығының қалыптасу кезеңі, жоңғар шапқыншылығы, ұлт-азаттық көтерілістер, ашаршылық кезеңдері мен ІІ Дүниежүзілік соғыс, Желтоқсан оқиғасы және көптен күткен тәуелсіздіктің жариялануы көрініс-суреттер арқылы бейнеленген. Ал монументтің ең төменгі тұсындағы мемориал тақтайға Тұңғыш Президенттің ант беру кезіндегі Ата заңға қойған қолының тaңбасы мен сөзі түсірілген. Тас тақтаның бір тұсында Нұрсұлтан Назарбаевтың және өзге де құлпытастарға белгілі тұлғалардың ғибратты сөздері ойылып жазылған. Ал стелланың айналасында дүниенің төрт бұрышына қарап тұрған аллегориялық сипаттағы мүсіндер бар. Бұл даналықтың көзі болған ақылгөй ақсақал мен бәріне құшақ жайған, жүрегі кең Жер-Ана және құлынға мінген ойын баласы мен кішкентай қыздың бейнесі.


2001 жылы «Тәуелсіздік монументі» Үкімет шешімімен республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілді.

El.kz

Хабарламаларға жазылу