ТМҰ жоғарғы соттарының 2-конференциясы өтті
Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер жоғары соттарының екінші конференциясы өтті. Халықаралық жиында сот жүйесін цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу және инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды. Маңызды басқосуға өңірдегі тілшіміз де қатысып қайтты.
Конференцияны ашқан Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев алдымен мемлекет басшысының құттықтау сөзін жеткізді. Онда Мемлекет басшысы талқылауға шығарылған сот процестерін цифрландыру, ЖИ технологияларын енгізу мәселелерін ерекше атап өткен. Осы орайда түркі елдерінің өкілдері инвесторлардың құқықтарын қорғау және инвестициялық климатты жақсартуға қатысты ойларын ортаға салды.
Исмаил Сайын, Түркия Республикасы Мемлекеттік кеңесінің Сегізінші алқасының төрағасы:
Инвесторлар өздерінің және инвестицияларының құқықтық қауіпсіздігі мен кепілдігін көргісі келеді. Сондықтан құқықтық қауіпсіздік – шетелдік инвестор үшін ең маңызды шарттардың бірі. Ол құқық нормаларының айқын, түсінікті және тұрақты болуын, сондай-ақ тәуелсіз сот алдында қорғалу мүмкіндігін білдіреді.
Қазақстанда соңғы 15 жылда жасанды интеллектіні енгізуге негіз болған ауқымды цифрлық сот инфрақұрылымы қалыптасты. Бүгінде сот жүйесінде қандайда бір істі талдауға, шешімнің ықтимал нәтижесін болжауға және судьяларға көмекші құрал ретіндегі цифрлық амал-тәсілдер қолданылып келеді. Көршілес өзбектер де цифрлық форматқа көшуді ойластырып жатқанға ұқсайды. Форумда олар «цифрлық сот» тұжырымдамасын таныстырды.
Ибрагим Таджиев, Өзбекстан Республикасы жоғарғы сотының судьясы:
Өзбекстанның сот жүйесінде соңғы жылдары цифрлық технологиялар белсенді енгізіліп, сот төрелігінің тиімділігі артып келеді. «Адолат» платформасы арқылы азаматтар мен заңды тұлғалар сотқа талап-арызды онлайн беріп, істің қозғалысын бақылай алады, сондай-ақ құжаттарды қашықтан алады. Жалпы, цифрландыру сот жүйесінің ашықтығын арттырып, азаматтар мен бизнес тарапынан сенімді күшейтті. Сонымен қатар, Президент Жарлығымен сот саласына жасанды интеллектіні енгізу және толық цифрлық форматқа көшу қарастырылған «Цифрлық сот» тұжырымдамасы әзірленді.
Басқосуда Қазақстан бауырлас елдер арасында тәжірибе мен құқықтық шешімдермен алмасуға арналған бірыңғай цифрлық платформа құруды ұсынды. Қатысушылар бұл бастаманы бірден қолдады. Нәтижесінде делегация басшылары бірлескен мәлімдемелерге қол қойып, цифрлық сот төрелігі саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ниет білдірді. Ал Қырғыз тарапы 2027 жылы өтетін ТМҰ 3-конференциясын қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы