Басты Жаңалықтар Алматының бас жоспары өзгереді: Қала қандай болмақ?

Алматының бас жоспары өзгереді: Қала қандай болмақ?

Алматы алдағы 15 жылда қандай қалаға айналады? Қай жерде құрылысқа толық тыйым салынады? Қандай үйлер сүріледі? Мегаполистің болашағын айқындайтын Бас жоспар қайта қаралып жатыр. Құжатқа сәйкес, қала аумағы кеңеймейді, бірақ оның ішкі құрылымы түбегейлі өзгереді. Тұрғындарды қандай өзгерістер күтіп тұр? Әріптесім Әйгерім Ердәулетқызы жалғастырады. 

Әйгерім Ердәулет, тілші:

Жаңа Бас жоспар бойынша Алматы бес ірі полицентрге бөлінеді. Яғни қаладағы жұмыс орындары, әлеуметтік нысандар мен демалыс орындары тек орталықта емес, әр ауданда болады. Мектептер, ауруханалар, спорт кешендері, мәдени және іскерлік орталықтар салынады. Құжаттағы талап бойынша әр тұрғын үйден 500 метр қашықтықта балабақша, ал мың метр радиуста мектеп болуы тиіс. Қалаға күн сайын облыстан ағылатын көлік легін азайту үшін кіреберістерде ірі көлік-тұрақ тораптары салынады.

Жанат Айтілеу, «Алматыбасжоспар» ҒЗИ бөлім басшысы:

Қалаға кіретін көліктер сол жерде тоқтап, қаланың көлігіне ауысуы керек. Метро болсын, автобус болсын, трамвай болсын. Қаланың аумағында жолдардың көлемі көп болуы керек. Мысалы, орталық аймақта қаланың көше көп қой, көшелердің арасы 150 метрдей. Ал шет жақта ондай емес. Шаршылар қаланың ортасындағы көліктің қатынасына өте ыңғайлы екен. Ол тарихи қалыптасқан шаршы көшелер ғой. Бас жоспарға сәйкес осындай көшелерді қаланың шет жағында да көрсету бар.

Әйгерім Ердәулет, тілші:

Бас жоспар бойынша тозығы жеткен үйлер сүріліп, орнына жаңасы салынады. Ал тау бөктеріндегі аумақта құрылысқа толық тыйым салынады. Бұл талап Президент тапсырмасына сәйкес енгізілген. Сонымен қатар Іле-Алатау ұлттық паркінің қорғау аймақтарында да жаңа нысандар салуға рұқсат берілмейді. Ал қаладағы қозғалысты реттеу үшін магистралды жолдармен үлкен айналма жолға шығу тетігі қарастырылған.

Еркебұлан Сембаев, Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

Үлкен магистралды көшелеріміз бар. Сол көшелер мына Алматы облысында орналасқан БАКАД жол айрығына дейін қосылу қарастырылған. Ол Алматы қаласының шекарасында орналаспаған, ол Алматы облысының шекарасымен бірге жалғасып жатыр. Ол біздің Абай көшесі, Нұрғиса Тілендиев көшесі, Рысқұлов көшесі.

Әйгерім Ердәулет, тілші:

Экологиялық талаптар да күшейтіледі. Енді өзен жағалауынан 35 метрге дейінгі аумақта күрделі құрылыс салуға жол берілмейді. Заңсыз нысандар сүріледі. Ал заңды құжаттары бар ғимараттарды мемлекет өтемақы төлеп немесе сатып алу арқылы кезең-кезеңімен босатуды жоспарлап отыр.

Тимур Нұртаев, «Қазақстан құрылысшылар одағы» Алматы филиалының директоры:

1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді. Құжатқа сәйкес, құрылыс барысында өрескел заңбұзушылықтарға жол берген компания басшылары қылмыстық жауапкершілкке тартылады. Сонымен қатар жаңа Бас жоспардағы барлық құрылыс нысандарының сейсмикалық қауіпсіздігіне ерекше талап қойылады. Қалада ғимараттардың биіктігі бойынша әл-Фараби даңғылынан жоғары аумақта үш қабаттан, ал әл-Фараби мен Абай даңғылдарының аралығында тоғыз қабаттан жоғары құрылысқа шектеу қойылған.

Әйгерім Ердәулет, тілші:

Иә құжатта сейсмикалық қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылған. Тектоникалық жарықтар қайта зерттеліп, қауіпті аймақтардың нақты шекарасы анықталмақ. Ол жерлерде құрылыс жүргізуге шектеу қойылады. Әзірге құжат түпкілікті бекітілген жоқ. Бас жоспарға қатысты қоғамдық тыңдалым 30 маусым күні «Алматыбасжоспар» ғимаратында өтеді. Қала тұрғындары дәл осы жерде өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіре алады.


Бөлісу