Нұр-Сұлтанда 2 адамды қағып кеткен мас жүргізуші ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтанда 2 адамды қағып кеткен мас жүргізуші ұсталды

03.12.2019

Нұр-Сұлтан қаласында таксистің көлігін тартып алып, артынша екі адамды соғып кеткен мас жігіт осыған дейін де бірнеше мәрте қылмыс жасаған. Бұл туралы Қалалық полиция департаментінің бастығы айтты.

Бүгін таңертең 6:58-де Тәуелсіздік көшесінің бойында болған апат бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Оқиға салдарынан 48 жастағы әйел көз жұмса, 2005 жылғы жасөспірім ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайы ауыр екендігін және жансақтау бөлімінде жатқандығын айтады. Ал таксистің көлігін тартып алып, адам қаққан 23 жастағы күдіктінің жүргізуші куәлігі де болмаған. Осыған дейін екі рет сотталып, екі жылға бас бостандығынан айырылған. Ішімдікке сылқия тойып алып, қылмысқа барған азамат дереу ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Апатқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталған. Қалалық полиция департаментінің бастығы Ержан Саденовтың айтуынша, ол азамат 345 баптың 3-ші тармағы бойынша 5 жылға дейін, ал 200 бап бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін екендігін айтады.

Амангелді СЕЙІТХАН


Хабарламаларға жазылу