Басты Жаңалықтар Еуропаның автоөндірушілері тығырыққа тірелді

Еуропаның автоөндірушілері тығырыққа тірелді

Еуропаның автомобиль өндірісі құрдымға кетудің алдында тұр. Сауда жоқ, бәсеке көп. Салдарынан зауыттар жабылып, мыңдаған адам жұмыссыз қалуда. Электрэнергияның, жанармайдың қымбаттауы өндірушілер үшін жығылғанға жұдырық болды. «Болашағымыз бұлыңғыр» деп дабыл қаққан автоконцерндер ЕуроОдақ басшылығынан қолдау сұрауда.

Жанармайдың құны аспандап қалтаға салмақ түскелі еуропалықтар бензин мен дизельден бас тартып, электр, гибридті көліктерге көшіп жатыр. Қос көліктің саудасы биыл сегіз айда 36 пайызға көтерілген. Ал бензин, дизельмен жүретін темір тұлпарлардың сатылымы 19 пайызға төмендеді.

Жерар Мотье, автомобиль өндіріс бойынша сарапшы:

Былтыр Еуропада 2019-жылмен салыстырғанда 3 млн-ға аз көлік шығарылды. Тоқтың қымбаттауы, халықтың электр көлігіне көшуі және қытайлық өндірушілердің электрокарларды бәсекеге қабілетті бағамен сатуы еуропалық концерндерді тоқырауға ұшыратты.

Еуропалық концерндерге құны 16 мың еуродан басталатын Қытайдың электромобильдерімен бәсекеге төтеп беру мүмкін болмай тұр. Аспан асты елі Еуропа нарығына биыл бір миллионнан астам көлік сатып, рекордық көрсеткішке жетпек. Осыған алаңдаған қарт құрлықтың автоөндірушілері ЕуроОдақ басшылығынан шұғыл әрекет етуді талап етуде.

Флориан Хетти, автоконцерннің атқарушы директоры:

Біз Қытаймен өте қиын, әділетсіз бәсекелестікке тап болдық. Қытайда өндірілген электрокарларға Одақ көтерме тариф енгізді. Енді осындай тарифті олардың гибридті көліктеріне де енгізуді талап етудеміз және көлігін Еуропаға сатқысы келетіндер еуропалық қосалқы бөлшекті пайдалануы тиіс.

Дағдарыс 89 жылдық тарихы бар Фольксваген компаниясын да тығырыққа тіреді. Алпауыт концерн 2030- жылға қарай үш зауытын жауып, 120 мың адамды қысқартуға мәжбүр.

Нұрсұлу Қасым, тілші:
Германияның Фраунгофер институтының зерттеуінше, 2040-жылға қарай өндірісті роботтандырудың салдарынан Еуропаның автоөндіріс саласында 800 мыңға жуық адам жұмыссыз қалады. Өнеркәсіпті сақтап қалу үшін ЕуроОдақ саланы қолдап, сыртқы бәсекеден қорғауға басымдық беруі тиіс. Әйтпесе, экономика тұралап, дағдарыс қазіргіден де күшейеді, дейді зерттеу орталығының сарапшылары. 


Бөлісу