Басты Жаңалықтар Ыстанбұлда көлік кептелісі барған сайын күшейіп барады

Ыстанбұлда көлік кептелісі барған сайын күшейіп барады

Көлік кептелісі ірі қалалардағы өзекті мәселелердің бірі. Мәселен 20 млн тұрғыны бар Ыстанбұлда тұрғындар күніне бірнеше сағат кептелісте тұрады. Алып қаладағы бұл мәселе қалай шешіліп жатыр. Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлының материалында.

Айдос Әшімұлы, тілші:
Әлемдегі ең ірі мегаполистердің бірі Ыстанбұл тұрғындары бір жылда 288 сағат көлік кептелісінде тұрады екен. Бұл шамамен 12 күн. Түркиядағы көлік қатынасы туралы зерттеу жүргізген ғалымдар осындай тұжырымға келген. Алып қаладағы көлік тығынының ең негізгі себебі – автокөліктің көптігі. Ресми мәліметке сай қалада 6 млн 400 мыңға жуық көлік бар.

- Көлік нөпірі артқан сайын жол апаты да жиілеп кетті. Адамдар асығыс болғандықтан жол ережесін де жиі бұзады.
- Қалада бір жерге жету үшін бірнеше сағат уақытымыз кетеді. Қаншама бензин босқа жанады. Көлігіміз жиі бұзылады.

Көлік кептелісінің экономикалық шығыны да орасан. Мамандар Ыстанбұлдағы көлік тығынынан қала экономикасына жылына 10 млрд доллар зиян келеді дейді. Бұның ішіне жанармай шығыны, кептелістегі бос кеткен жұмыс уақыты, шикізаттың өндіріске дер кезінде жетпеуі сияқты олқылықтар кіреді.

Оғызхан Акиенер, экономист:

Елімізде соңғы он жылда көлік саны 20 млн-нан 33 млн-ға жеткен. Бұл өте көп. Бір ғана Ыстанбұл қаласында кептелісте тұрған көліктер жылына 780 млн доллардың жанармайын жағады. Бұл ел экономикасына орасан шығын. Сондықтан адамдардың қоғмдық көлікке отыруын ынталандыру қажет.

Көлік кептелісін азайту үшін ел билігі бірқатар жобаларды жүзеге асырып та жатыр. Атап айтқанда бағдаршамдарды жасанды интеллект арқылы басқару пилоттық жобасы енгізіле бастады. Бұдан бөлек қала ішінде метро мен жүрдек пойыздардың саны көбеюде. Дегенмен бұлардың барлығы мегаполистегі кептеліс мәселесін түбегейлі шеше алар емес.


Бөлісу