«Men Qazaqpyn». Екінші айналымға өткен алғашқы сегіз қатысушы өнер көрсетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Men Qazaqpyn». Екінші айналымға өткен алғашқы сегіз қатысушы өнер көрсетті

28.10.2018

Бүгін «Qazaqstan» Ұлттық арнасынан «Men Qazaqpyn» мегажобасының кезекті шығарылымында екінші айналымға өткен алғашқы сегіз қатысушы өнер көрсетті.

Айта кетерлігі, бұл кезеңде өнерпаздардың қандай шығарма орындайтындары жеребе арқылы анықталады.

Бірінші болып сахна төрінде ақмолалық Асқар Мұқият Сауытбек салдың «Ақбөпе» әнімен өнер көрсетті.

Қазылар алқасының мүшесі Мырзатай Жолдасбеков «Шынымды айтсам, бала кезден естіп жүрген «Ақбөпені» тыңдай алмадым. Айтылуы керек шұрайлы сөздер айтылмады. Қалай бағаларымды білмей отырмын. Ән көкейіме қонбады», - деген пікірін білдірді.

Екінші болып Алматы қаласының күйшісі Сырым Шоңбаевқа жеребеде Динаның күйі «Бұлбұл» бұйырды. Оның өнеріне қазылар алқасының берген бағасы мынадай:

Айгүл Үлкенбаева: -Қалай болар екен деп Сырым үшін қатты қобалжыдым. Бірақ, өзінің деңгейінде жақсы орындап шықты.

Әлқуат Қазақбаев: - Сырымның саусақтары кей жерлерде тайып кетіп отырды. Бұл күйге көп дайындық керек. Оны шыңына жеткізіп орындау үшін Сырымға әлі де дайындық қажет деп есептеймін.

Кезегі келген келесі өнерпаз – маңғыстаулық Темірбек Асқанбаев көпшілік алдында Наурызбектің  «Ал, жігіттер, құлақ сал» термесін тарту етті. Ұлжан Байбосынова «Жалпы, Темірбек жақсы жыршы. Бірақ, бүгін өзінің бабында емес екені байқалды. Бұл өз өңіріңе жақын мектеп болып есептеледі. Сондықтан, сенен аталған термені жоғарғы деңгейде орындауыңды күттім. Бірақ, көңілден шықпады. Өкінішті», - деген бағасын берді.

Ал, келесі болып сахна төріне Моңғолия елінен келген Хадыхан Манай шықты. Оған жеребе арқылы Жарылғапбердінің әні «Ардақ» түсті. Атамекеннен жырақта жүрген өнерпаздың орындауы көпшіліктің көңілінен шықты.

Мырзатай Жолдасбеков: -  Жалпы, осы жігіт маған ұнайды. «Ардақ» керемет ән. Мұнда үлкен сезім, парасаттылық, тереңдік бар. Соны жеткізді. Мен бұл жігітті қазақтың нағыз дәстүрлі әншісі деп бағалаймын.  

Хатимолла Бердіғалиев: - Хадыханды мен өткенде де жақсы бағалаған едім. Бұл жолы да пікірім жақсы. «Ардақты» орындауы маған ұнады.

Жамбыл облысының намысын қорғап келген күйші Дулат Байзілдаев Есбайдың «Бөгелек» күйін тартты. Оның шеберлігіне Айгүл Үлкенбаева «Дулат жақсы орындап шықты, бірақ кейбір жерде қолына тайған кездер болды», десе, Әлқуат Қазақбаев оның орындаушылық шеберлігі өте жақсы екенін айтты.

«Men Qazaqpyn» жобасында күллі аспап атаулының атасы қобызбен өнер көрсетіп жүрген ару Салтанат Ерсұлтан келесі болып сахнаға шықты. Терме аталымы бойынша сынға түсіп жатқан бұрымдыға Майлықожа Сұлтанқожаұлының «Жақсы бір адам қартайса»-сы бұйырды. Алайда, өнерпаз оған дайын болмай шықты. Соған қарамастан, аталған термені шама-шарқына қарай айтып беруге тырысты.

Барын салған өнерпазға Ұлжан Байбосынова орындау көңілінен шыққанын жеткізсе, Мырзатай Жолдасбеков «Салтанат Майлықожаның термесін қобызбен айтқан бірінші қыз. Ал,ескере кететін жайттарды айтар болсам, Майлықожаның термелерін асықпай айту қажет», деген пікір білдірді.   

Келесі болып ақтөбелік Динара Шынарбаева Қызыл Тұрдығұлдың «Мешін, тауық» әнімен өнер көрсетті.  

Хатимолла Бердіғалиев Динараның өнерін «жақсы» деп бағаласа, Ұлжан Байбосынова «өнерпаз әнді өз деңгейінде орындап шықты деп айтуға болады. Сондықтан, көңілімнен шықты», деген бағасын берді.

Бүгінгі шығарылымда соңғы болып Алматы облысының күйшісі Таңат Сәденов өнер көрсетті. Оған Қазанғаптың күйі «Жем суының тасқыны» бұйырды. Таңаттың өнеріне қазылар алқасының берген бағасы мынадай:

Айгүл Үлкенбаева: - Асығыстық болды. Ойнауыңа сабырлық жетіспегендей.

Әлқуат Қазақбаев: - Таңаттың орындауындағы мәселе – жауапкершілікпен қарамау. Оған қоса, құлау бұрауы келмеген. Құлақ бұрауын келтірмей, сахнаға шығуға болмайды.  

Еске сала кетейік, «Men Qazaqpyn» мегажобасын әр жексенбі сағат 21:05-те Ұлттық арнадан тамашалай аласыздар.

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу