«Жәнібек Кәрменов сөздің орнын таба білген және сол сөзге жан бітіре білген әнші. Ол - қазақтың ән өнерін бойына сіңірген, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан үлкен өнерді жеткізуші тұлға. Ұстаз ретінде орны бөлек адам. Әнші ретінде де өзіндік қолтаңбасын қалдырған.
Екі томдық қазақ әндерінің антологиясын құрастырды. Соның ішіндегі халық авторларына, сазгерлеріне, олардың тіршілігі, өмірбаяны, өнері туралы мағлұмат берілді. Осының барлығы - үлкен еңбек», - дейді шәкірті Әділет Мұса.
Ал, досы Тұрсын Жұртбай белгілі тұлға туралы: «Алғашында өлеңмен басталған сөз оның сахнадан шеттелген тұстарының өзінде екінші жұбанышы болды. «Ғашықтың тілі», «Махаббат әнін» сахнадан шет жүрген кезде жазды. Оның жазу өнері жүрек жұбанышы болды», - деген пікірін білдірді.