Бүгін - драматург, қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдіктің туған күні. Бағдарлама жүргізушілері туған күн иесін «Таңшолпан» ұжымының атынан құттықтады.
Жазушы адамның психологиясы, болмысы туралы қозғап жүр. Онымен бірге шығармаларында шынайылықты, адамгершілікті іздейді. Ал, белгілі қаламгердің азамат болып қалыптасуына, жазушы болуына кім әсер етті? Қазақстанның латын қарпіне көшуіне қатысты пікірі қандай? Жазушы сұхбат барысында осы сұрақтарға жауап берді.
«Азамат болып қалыптасуға әсер етуші - бірінші ата-ана. Менің ата-анам беделді адамдар болған жоқ. Бірақ, солардың бойындағы тазалық, адалдық маған берілген секілді.
Қазір рухани жаңғыруға қатысты пікірлер аз емес. Өзіміз де осыған қатысты көптеген материалдар жазып жүрміз. Оның ішінде ұлттың дамуына қатысты мәселелер де бар. Соның бірі – тілімізді кириллицадан латынға ауыстыру. Бұл идея Тәуелсіздік алғаннан бері айтылып келеді. Көрші елдер о бастан латын әрпіне көшіп кеткен. Кириллицаның қалай қалыптасқанын білген адам одан неге құтылу керек екенін түсінеді.
Латын тіліне ұмтылыс – табиғи нәрсе. Өйткені, жұрттың бәрі өркениетке ұмтылады. Тәуелсіздік алғаннан кейін біздің де әлемдік өркениетке жетер мүмкіндігіміз де мол. Сондықтан латынға ауысу - өркениетке жақындау, түркі халқымен жақындасу», - дейді жазушы.