Алдағы онжылдықта мұнай мен газға деген сұраныс төмендемейді, деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев XX Петербург халықаралық экономикалық форумының пленарлық жиынында.
«Сауд Арабиясы мұнай өндірісін америкалық мұнайшыларды ығыстыру үшін үшін арттырып отыр ма, әлде Иранның ірі ресурсқа қолы жетпеуі үшін бе, қалай деп ойлайсыз? Бұл жалпы, қаншалықты жүзеге асты? Болашақта мұнай бағасы қалай болмақ?», - деп сұрады жиында модератор CNN жүргізушісі Фарид Закария Қазақстан Президентінен.
Елбасы бұл сұраққа: «Жиынға мұнай саласындағы ірі компания «Эксон Мобилдің» басшысы Рекс Тиллерсон қатысып отыр, мұны сол кісіден сұрау керек», деп әзіл араластыра жауап берді де, сұраққа қатысты өз пікірін айтты.
«Біз бүгін Рекс Тиллерсон мырзамен кездесіп, осы төңірегінде сөйлестік. Мен оның пікірін қолдаймын, бүгінгі таңда мұнай бағасы 50 доллардың айналасында. Мүмкін, бұл объективті шындық. Ал, енді Сауд Арабиясы америкалық мұнайшыларды ығыстырып жатыр деген тақырып - сарапшылардың мәселесі. Бүгін олар бір нәрсені айтады. Қазір сарапшылар пікірін оқығың да келмейді. Өйткені, ертең мүлде басқа дейді. Меніңше, біз пікірлеріне сүйенетін экономистер, қаржыгерлер қазір шатасып қалды. Сондықтан, қазіргі жүріп жатқан дағдарысқа ешкім нақты баға бере алмайды. Факт - ол факт. Мен бүгінгі баяндамамда, бағалардың құлдырауынан барлығы да ұтылғанын айттым. Импорттаушылар да ұтылды, экспортқа шығарушылардың ұтылғаны белгілі.
Әрине, дамушы елдер ұтылды. Жалпы, бұл барлығымызға қатысты. Сондықтан, Петербург форумының тақырыбын шынайылыққа бұру керек. Шындық - ол қазіргі қалыптасқан баға. Жаман ба? Иә, жаман. Бірақ, барлық жамандықтың да жақсы жағы бар. Қазір біздің елдеріміз өндірісті дамытуға, индустриаландыру мен өзге салаларды өркендетуді қолға алды» - деді Қазақстан Президенті.