«Қазавтожол» АҚ ҰҚ YouTube желісінде Ертіс өзені арқылы салынып жатқан көпірдің құрылысы жайлы баяндайтын бейнеролик жариялады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. Естеріңізге сала кетсек, Ертіс өзені арқылы өтетін 476 метрлік төртінші ең үлкен көпірдің аркасы иілген аспа ретінде жаңа технологиялармен салынады. Көпір өткелі төрт жолақты болмақ. Дизайнға сәйкес, көпір аркасының түсі көгілдір болса, оның арасындағы сәулеге ұқсас бөлшегі алтын түстес болмақ.
Жаңа көпірдің ашылуы Ақсу мен Павлодар арасындағы жолды 15 километрге қысқартса, еліміздің шығыс өңірлерінен орталық аймаққа қатынайтын транзиттік көліктер қала ішіне кірмейді. Осылайша, жолды 40 километрге қысқарту мүмкіндігі туады. Аталмыш жобаның жалпы құны 53,9 млрд теңгені құрайды. Нәтижесінде көпір республикалық «Орталық-Шығыс» төрт жолақты автобанның бір бөлігіне айналады және Қазақстанның орталық бөлігін Ресей елінің көршілес жатқан өңірлерімен байланыстырады.