Ақтөбелік жастар терактіден зардап шеккендерге қан тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбелік жастар терактіден зардап шеккендерге қан тапсырды

08.06.2016
Ақтөбелік жастар терактіден зардап шеккендерге қан тапсырды

Ақтөбелік жастар лаңкестіктің кез-келген көрінісіне қарсы. Бүгін Ақтөбеде өткен акция барысында жергілікті жастар ұйымдарының өкілдері осылай деп мәлімдеді. Қазақстанның жастар конгресінің жергілікті филиалының мүшелері бастама еткен акцияда «Паллада» дүкені маңына гүл қойылды.

Атыс болған дүкенге бұл күндері облыс тұрғындары гүл әкеп қоюда. Ортақ қайғы барша тұрғындарды біріктірді, деп хабарлады Ақтөбе ақпарат орталығының баспасөз қызметі.

Жастар да қалыс қала алмады.

«Лаңкестік құрбандарының туыстары мен жақындарының қайғысына ортақпыз. Жастар бұл оқиғаны қаралайды, бейбіт сүйгіш елімізде мұндай болмауы тиіс. Біз терроризмнің кез-келген көрінісіне қарсымыз, мұндай оқиғаға жол жоқ», - деді «Жас Отан» ЖҚ АОФ төрағасы Асылжан Бүркітәлин

Мұнан соң жастар Қан орталығын бетке алды.

Жергілікті дәрігерлердің айтуынша, аймақта қан жетіспеушілігі жоқ, алайда қан банкін толтыруға ниетті адамдар бар болса, олардан бас тартпақ емес.

Жастар қан тапсырып, сол арқылы бүгінде емдеу мекемелерінде ем алып жатқан адамдарға қолдау көрсетті.

Хабарламаларға жазылу