Джек Ма: Қазақстанға берер кеңесім – сіздерде шағын компаниялар көп болуы қажет
АЭФ аясында пленарлық мәжілісте сөз сөйлеген спикерлердің ішінен әлемге әйгілі «Alibaba Group» корпорациясының негізін қалаушы, миллиардер Джек Маның айтқан сөзін ерекше атап өткен жөн. Қазақстанға алғаш рет келген Азиядағы ең бай адам экономиканы көтеруге қатысты өз ақыл-кеңестерін берді. «Мен Қазақстан жайында көп білемін деп айта алмаймын. Дегенмен, егер сіздерде мұнай өндіру жұмысы жақсы жолға қойылса, онда бұл жерде ірі компаниялар баршылық. Менің Қазақстанға берер кеңесім – сіздерде шағын компаниялар көп болуы қажет. Сіздер сервистік қызметтерді дамытамын десеңіздер, экономиканы екпінді қыламын десеңіздер, шағын кәсіпорындарды көптеп ашыңыздар. Ал шағын компанияларды көбейту үшін сіздерде кәсіпкерлер көп болуы қажет.
Жастарды шабыттандырыңыздар, жастарды оқытыңыздар. Кез келген істі өз қолыңызбен бастап көріңіздер, ол іс сізге де, сіздің еліңізге де пайдалы болсын. Бізде өте бай адамдар бар, бірақ бізде өте кедей адамдар да көп. Алайда, біздің орта тобымыз қайда? Сауда, шағын бизнес – дәл осы сала орта топтың миллиондаған өкілдерін шығара алады. Егер орта топ мықты болса, онда мемлекет те мықты әрі тұрақты болады. Қазақстанда мүмкіндік көп. Сіздерде ірі компаниялар бар, шағын компаниялар да бар, оларды трансформациялауға болады. Болашақ – шағын компанияларда. Нарықта ірі компаниялар болмайды, тек жақсы компаниялар қалады. Шағын компаниялар дегеніміз,мықты әрі тұрақты компаниялар. Ондай жағдайда ел экономикасы мықты болады. Мен соған сенемін», - деді Д.Ма.
Миллиардер өзінің бизнес философиясын да ашып берді. «Бәріміз – адамбыз. Кәсіпкерлер де саясаткерлер сияқты өз ортасын жақсартқысы келеді. Мәселен, мен өзім мұғалім болып істегенде айына 10-ақ доллар алатынмын. Соның өзінде бақытты болдым. Ал, бизнесті бастағанда өмірімді жақсартқым келді, өзімді және өз тұтынушыларыма жақсы жағдай жасағым келді. Уақыт өте келе, мен бір нәрсені түсіндім. Үш маңызды нәрсені естен шығармау қажет. Сіздің қолыңызда не бар? Сіз нені көздейсіз? Сіз неден қол үзуге дайынсыз? Міне, осы үш сұрақты мен өзіме күнде, ай сайын, жыл сайын қойып отырамын. Сенде бірнеше миллион доллар болғанда, мен өзіме айттым, бұл сенің ақшаң. Бізде шамамен 20-30 миллион доллар бар. Бір проблема туындағанда сіз оны биржаға салуды ойластырасыз, девальвация бар, инфляция бар және тағысын тағы. Қазір бізде 1 милллиард доллар бар. Бұл сенің ақшаң емес, ол - қоғамның саған берген ақшасы. Оны саған не үшін берді? Себебі сені ол ақшаны дұрыс басқара алады деп санайды.
Демек, бұл адамдардың саған жүктеген жауапкершілігі. Олар саған сенім артып отыр. Сол себепті мен алдымен осыны ойлап, ақшаны дұрыс жұмсау жолдарын қарастырамын. Біз өзіміздің бизнес моделімізге филантроп (қайырымды адам – авт.) көзқарасын енгізуіміз керек. Өз басым қоршаған ортаны ластайтын, зиянды тамақпен өнімдерді шығаратын компанияларды ұнатпаймын. Олар ақшаны жасайды да, оффшорға салып қояды. Біздің бизнесіміз, біздің өніміміз, біздің қызметіміз экологиялық таза болуы қажет. Ол адамдарға көмектесуі керек. Мен осы идеяға сенемін. Филантропия мен бизнесті біріктіруге болады», - дейді Ма мырза.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы