Қазақстандық спортшылар жасөспірімдер арасындағы ІІ қысқы Олимпиадаға аттанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық спортшылар жасөспірімдер арасындағы ІІ қысқы Олимпиадаға аттанды

10.02.2016
Қазақстандық спортшылар жасөспірімдер арасындағы ІІ қысқы Олимпиадаға аттанды

Кеше «Сарыарқа» республикалық велотрегінде Норвегияның Лиллехаммер қаласында 12-21 ақпан аралығында өтетін жасөспірімдер арасындағы II қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстандық делегацияны салтанатты шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Мәдениет және спорт министрлігі.

Қазақстандық делегация бұл дүбірлі жарысқа 18 спортшы және 11 жаттықтырушымен аттанды. 20 спортшы спорттың 9 түрінен сынға түседі. Олар: биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғы спорты, шаңғы спорты, тұғырдан шаңғымен секіру, фристайл (ски-кросс) және шана спорты түрлерінің өкілдері.

Олимпиада ойындарына 16 спорт түрінен 70 медаль сарапқа салынады. Сондай-ақ, дүниежүзінің 70 мемлекетінен келетін 1100-ге жуық 15 пен 18 жас аралығындағы жас спортшылар қатысады.

Мемлекеттік ту көтеруші болып шорт-трек спортшысы Еркебұлан Шамуханов сайланды. Ол Австрия елінде халықаралық конькишілер одағы (ISU) ұйытқы болған «Danabia 1 - Austrian Open& Styrian Open 2015» жарысының жүлдегері, Қазақстан Чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы.

Еске сала кетейік, Инсбрук қаласында (Австрия) 2012 жылы өткен жасөспірімдер арасындағы I қысқы Олимпиада ойындарында біздің спортшыларымыз 10 спорт түрінен қатысып, үш медальға қол жеткізіп, жалпы есепте 23-орынға ие болған еді.

Хабарламаларға жазылу