Бұл туралы The Guardian хабарлайды.
ДДҰ-ның өкілдері темекі саудалаумен айналысатын компания өкілдерінің өздерінің тауарларын өткізу үшін киноиндустрия өкілдеріне жиі өтініш жасайтындығына алаңдаушылық білдірді. Халықаралық ұйым өкілдерінің мәліметтерінше, кино осы күнде сигарет фабрикаларының жалғыз ғана тиімді жарнама алаңына айналғандығын айтады. Өйткені, көптеген мемлекеттердің үкіметтері осы уақытта темекі шегуге қарсы шараларды қолға алған.
ДДҰ-ның мәліметтерінше, 2014 жылы голливудтық фильмдердің 44 пайызы аузында темекісі бар азаматтарды көрсеткен. Мұндай кинотуындылардың 36 пайызы жасөспірімдердің көруіне рұқсат етілген.
Халықаралық ұйым өкілдерінің 2014 жылы жүргізген зерттеулері бойынша, АҚШ-тағы жасөспірімдердің 37 пайызы экраннан шылым шеккен кейіпкерлерді көріп, темекіге әуестенген. Сарапшылардың пайымдауларынша, мұндай фильмдерге тыйым салу жасөспірімдердің зиянды әдетке әуестенулерін 20 пайызға азайтады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шылым шегу көріністері бар фильмдерден балаларды аластату туралы ұсынысты 2009 жылы ұсынған. Алайда, әлі бірде бір ел бұл мәселеге байланысты қандай да бір нақты шешім қабылдамаған, деп жазады lenta.ru.