Қаңтардың 28-інде №377 «Маңғышлақ- Алматы» жолаушылар пойызы газ цистернасын тиеген автокөлікпен соқтығысып қалған болатын. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қызметкерлерінің жедел әрекеттерінің нәтижесінде қауіптің алдын алуға мүмкіндік туды, деп хабарлады Ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
Маңғыстау локомотив пайдалану депосының машинисі Арап Ағатаев өзінің лауазымдық міндетін абыроймен атқарды. Ол дер кезінде белгі беріп үлгерген. Автокөлік жүргізушісі дыбысты елемей, темір жолдан өту ережесін сақтамай, жолға шығып кеткен. Сағатына 50 шақырымдық жылдамдықпен келе жатқан пойызды тоқтату үшін машинист шұғыл тежегішті басқанымен, ара қашықтық тым қысқа болғандықтан соқтығысуды болдырмау мүмкін емес еді.
Машинист майысқан локомотив кабинасынан шығып, тепловоздың секциясын ажыратып, екінші секциясымен жолаушылар пойызын қауіпсіз жерге жеткізген.
Бейнеу станциясының өрт сөндіру пойызы күшімен залалданған цистерна көбікпен атқыланып, жолаушылар пойызының өтуіне мүмкіндік жасалды.
Пойыздағы 287 жолаушының ешқайсысы зардап шеккен жоқ. №377 «Маңғышлақ- Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызы кестеден 5 сағат, №309 «Маңғышлақ- Ақтөбе» -2 сағат 30 минутқа кешікті.
Осы оқиғаға байланысты арнайы комиссия жұмыс істеуде.