Астанада Болат Ыбыраевтың шығармашылық кеші өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Болат Ыбыраевтың шығармашылық кеші өтеді

01.09.2015
Астанада Болат Ыбыраевтың шығармашылық кеші өтеді

13 қыркүйекте Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында «Қаллеки» театрының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актер – Болат Ыбыраевтың 60 жасқа және шығармашылығына 40 жыл толуына орай шығармашылық кеш өтеді.

Актер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Болат Қалыбекұлы 1954 жылы 23 шілдеде Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Н.Әбдіров ауылында дүниеге келген.

1960-1970 жылдары Н. Әбдіров атындағы №10 мектепте оқыған. 1975-1990 жылдары Алматы Театр және көркемсурет институтының театр және кино актері бөлімін тәмамдайды.

1979-1990 жылдары Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрында актер болып қызмет істейді.

1990 жылдан Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында қызмет атқарып келеді.

2002 жылы 12 желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Ал, 2013 жылы – «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленді.

Сомдаған рөлдері: Д. Исабеков «Әпке» - Тимур, Ғ. Мүсірепов «Ақан Сері- Ақтоқты» - Жалмұқан, Балта, «Қыз Жібек» - Базарбай, Ш. Айтматов «Ғасырдан да ұзақ күн» - Едіге, Ә. Тарази «Жақсы кісі» - Марат, М. Кәрім «Ай тұтылған түн» - Диуана, С. Мұқанов «Мөлдір махаббат» - Бүркіт, С. Жүнісов «Жаралы гүлдер» - Баттал, О. Бөкеев «Құлыным менің» - Жан, Б. Ұзақов «Жандауа» - Шал, «Үміт» - юрист. Гоголь «Үйлену» -Жевакин, Т. Ахтанов «Жоғалған дос» - Естемесов, «Күшік күйеу» - Кубик, «Ант» - Хан.

Сондай-ақ, А. Дударев «Кеш» - Мультик, М. Әуезов «Қара Қыпшақ Қобыланды» - Көбікті, «Қарагөз» - Жабай, «Абай» - Оразбай, «Еңлік-Кебек» - Кеңгірбай би, Т. Джюдженоглу «Көшкін» - Ақсақал, В. Дельмар «Баянсыз бақ» - мистер Купер, Д. Рамазан «Кенесары – Күнімжан» - Тұрсынбай, У.Шекспир «Ромео мен Джульетта» - Пастор, «Гамлет» - Полоний, М. Фриш «Дон Жуанның думаны» - Тенорио, Е. Жуасбек «Терең тамырлар» - Ала ағаш, А. Чехов «Ваня ағай» - Войницкий, Ж.Ануй «Жалын жұтқан Жанна Д’Арк» - Кошон рөлдерінде ойнаған.

Хабарламаларға жазылу