Лукаш Крпалек: «Әлем Барысы» турнирі өмірімдегі ұмытылмас додалардың бірі болары анық - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Лукаш Крпалек: «Әлем Барысы» турнирі өмірімдегі ұмытылмас додалардың бірі болары анық

24.10.2014
Лукаш Крпалек: «Әлем Барысы» турнирі өмірімдегі ұмытылмас додалардың бірі болары анық

Ертең Кереку-Баян елінде дүниежүзінің мықты палуандары «Әлем Барысы» халықаралық турнирінде шеберлік байқасады. Олардың әрқайсысы – өз Отанының үздік спортшысы. Солардың қатарында Чехия елінен келген дзюдодан Әлем чемпионы, екі дүркін Еуропа чемпионы және Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Лукаш Крпалек бар. Әйгілі спортшы Қазақ жеріне келген сәттегі әсерімен бөлісіп, қарсыластарының мүмкіндігін бағалады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

- Ертең қазақ күресі бойынша алғаш рет белдесемін. Әрине, аталмыш спорт түрімен бұған дейін айналысқан жоқпын. Сондықтан «Әлем Барысы» турнирі өмірімдегі ұмытылмас додалардың бірі болары анық. Бұл - әлемнің түкпір-түкпірінен келген алып палуандармен күш сынасатын сәт. Мен 108 келі салмақ дәрежесінде белдесемін. Павлодардың төрінде ұйымдастырылған байрақты бәсекеге қатысатын алыптармен таныспын. Менің ойымша, аталмыш турнирде қазақ күресінің майталмандары атанған қазақстандық палуандар жеңіске жетіп, Қазақ елінің туын желбіретеді. Боз кілемде атақты қазақ спортшысы Руслан Әбдіразақпен тағы бір мәрте кездесетініме қуаныштымын. Русланмен Чехияның Прага қаласында өткен жарыста күрескен болатынбыз, - дейді ол.

Хабарламаларға жазылу