Алматылық бүлдіршіндердің 70 пайызы қазақ балабақшасына барып жүр. Бұл туралы қала басшысы Ахметжан Есімов «Ана тілім - ардағым» фестивалі барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазір өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді үйрену мақсатында балаларын қазақ тіліндегі балабақшаларға, мектептерге берушілердің қатары көбейіп келеді. Қаламызда 201 мемлекеттік мектеп бар. Олардың 62-сі қазақ тіліндегі мектеп болса, 68-і аралас мектеп. 1989 жылы Алматыда 7-ақ қазақ мектебі болса, қазір олардың саны 62-ге жетті. Тәуелсіздік алған жылдары 8 мың бала қазақша оқитын. Олардың саны 12 есеге артып, қазір Алматы мектептерінде 90 мыңнан астам бала қазақ тілінде оқиды»,- деді А.Есімов.
Әкімнің баяндауынша, бұрын қазақ тілінде оқыту ЖОО-да тек педагогикалық мамандықтарға ғана тән болатын. Қазір барлық мамандықтар бойынша қазақша топтар ашылған.
«1989 жылы қазақ тілінде оқитын студенттердің үлесі 4 пайыз болса, қазір 51 пайызға жетті. Тіл мәселесін балабақшадан бастау да өз нәтижесін бере бастады. Алматылық бүлдіршіндердің 70 пайызы қазақ балабақшасына барып жүр. 7 мыңнан астам өзге ұлт өкілдері балаларын қазақ балабақшаларына беріп келеді», - деп қорытындылады қала басшысы.