Биылғы жылдың 6 айында Астана қаласында көпқабатты үйлердің терезесінен 10 бала құлап, оның 2-еуі қаза тапты.
9-шілде күні ересектердің қарауынсыз қалған 6 жасар қыз 6-шы қабаттан құлап, ауруханаға жеткізілді. Қазір жағдайы өте ауыр. Осындай жағдайлар соңғы уақытта жиілеп кетті.
Көпқабатты үйдің терезесінен құлағандардың бір і- Сәбина Серікова. Ол 3 жасында төртінші қабаттан құлап, аман қалды. Қазір ол 7 жаста. Сол оқиғадан соң ата-анасы жер үйге көшті.
Бақытгүл Серікова, Сәбинаның анасы:
Терезенің торы үзіліп кетіп, құлады. Ол кезде 4-ші қабатта тұратынбыз. Құдай қалап, әйтеуір аман қалды.
Мұндай жайттар полиция қызметкерлерін де алаңдатып отыр. Олар алдын-алу жұмыстарын жүргізіп, ескерту жасап-ақ жүр.
Бірақ, нәтиже жоқ. Керісінше, ай салып, «ауруханаға терезеден құлаған бала түсті», деген хабар естиді.
Мамандар «балаларды үйде жалғыз қалдармаған абзал», дейді. Сондай-ақ, терезені жауып жүруге кеңес береді.
Госман Жакин, Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:
Көпқабатты үйлерге терезе орнататын фирма қызметкерлері үй иелеріне және балаларға терезеге орнатқан тор туралы ақпарат беруі тиіс. Оның қауіпті екенін және итергенде түсіп қалатынын айту керек. Қазіргі болған оқиғалардың бірден-бір себебі - сол торлар. Сондықтан, арнайы қорғаныс құралын орнату қажет.
Қорғаныс құралының бір емес, бірнеше түрі бар. Қондырғыны саудаға шығарып жүргендердің бірі - Аруан Иманов. Ол «бұл құралды терезеге орнатқан жөн», дейді. Өйткені, арнайы темір рәзеңке терезені 15-20 сантиметрге ғана ашады.
Аруан Иманов, кәсіпкер:
Қала бойынша 20 пайыз сұраныс бар. Ол аз. Көбісі мұны білмейді. Өйткені торлары бар.
Бұл қондырғының бағасы 1500 және 3500 теңге тұрады. Бірақ, жұртшылық осыны қымбат деп есептейді екен.
«Сақтансаң сақтаймын» деген сөз бар. Ендеше баланы қарап, терезенің ілгегін іліп жүрейік.
Сәкен СЕЙІТХАНҰЛЫ