Елімізде электронды үкімет жобасының қолға алынғанына 9 жылдан асты. Жобаны құру идеясын алғаш рет Мемлекет басшысы ұсынған болатын. Ол бүгінде дамудың барлық сатысынан өтті.
Бүгінде үйден шықпай-ақ, қызметтің 250-ге жуық түрін алуға болады.
Тіпті, электронды үкіметтің мобильді қосымшасы да бар, яғни, қалта телефоны арқылы жылжымайтын мүліктің бар жоқтығы туралы анықтама алып, тұрғын-үй мен балабақша кезегінің қалай жылжып жатқанын біліп отыруға болады.
Электрондық үкімет жобасы тоғыз жылда толағай табыстарға жетті. Тек 2013 жылы «е-gov» инфроқұрылымы арқылы қызметтің 36,7 миллион түрі көрсетілді. 241 қызмет пен рұқсатнама автоматтандырылды.
«Е-gov» порталына тіркелгендердің саны артып, 1 миллион 100 мың адамға жеткен. Электронды қолтаңба алғандардың саны 2011 жылы небәрі 456 мың адам болса, соңғы көрсеткіш 2 миллион адам.
Порталы арқылы қызметтерге төленетін төлемдер сомасы артып, 1 миллиард теңгеге жуықтаған. Екі жыл бұрын бұл сома тек 19,5 миллион теңге болатын.
Бек Арпабаев, ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігі комитет төрағасының орынбасары:
Азаматтардың ыңғайлылығы үшін республикамыздың ХҚКО-ларында conecrion point деп аталатын өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарын қостық. Бұл жерде электрондық цифрлық қолтаңбасы бар азаматтар операторды күтпей, өз күшімен электронды қызметтерді ала алады.
Сондай-ақ, биыл мемлекеттік қызметтің барлық түрі бойынша кеңес беретін бірыңғай байланыс орталығы іске қосылды. 1414 нөміріне тегін телефон шалып, 534 түрлі қызметке қатысты кеңес алуға болады. Бұған Астана мен Алматы, Ақтау мен Тараздағы мамандандырылған қызмет көрсету орталықтарын қосыңыз.
Асқар Жұмағалиев, ҚР Көлік және коммуникациялар министрі:
Осындай мамандандырылған орталықтарды дамытудамыз. 2014 жылы Қызылорда, Павлодар, Петропавл және Талдықорған қалаларында ашамыз. Ал қалған облыс орталықтарында 2015 жылыдың соңына дейін ашуды жоспарлап отырмыз.
Құжат үшін ауылдан аудан орталығына сабылатын ауыл жұртына да электронды үкімет қолжетімді болмақ. Биыл шалғай ауылдарда «Қазпошта» мекемесі жанынан халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ