Санаулы күндерден соң 2018 жылға да аяқ басамыз. Мереке қарсаңында ажары талайдың таңдайын қақтырған ару Астана әдеттегідей жаңаша түрге еніп, құлпыра бастады. Түнгі қала ондаған шақырым сәуле жарықтарына оралып, түрлі-түсті шамдармен әрленуде. Бұдан бөлек, бас қалада мерекеге орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Биыл алғаш рет елордада Аяз атаның резиденциясы ашылды. «Астаналық» саябағында орналасқан арнайы үйде қала тұрғындары мен қонақтары ертегі кейіпкерлерімен кездесіп, жаңажылдық көңіл-күйді сезіне алады.
Ал, бас қаладағы ең үлкен мұз қалашығы биыл «ЭКСПО» аумағында ашылды. Мұнда 40 метрлік және 14 метрлік сырғанақтар бар. Биылғы қалашықтың тақырыбы жаздыгүні өткен халықаралық көрмеге арналған. Сондықтан да әр жылдары халықаралық іс-шараның негізгі нышаны болған ғимараттардың көшірмелері мұздан қашалып қойылды.
Жаңа жыл мерекесіне орай бас қаланы безендіру 18 желтоқсаннан басталған. Шаһар бойынша 3300 нысанның қасбеті, 255 ағаш пен гүлзар безендірілді. Мыңнан аса жарық панелі қолданылған.
Әдетте қаланы безендіруде бірыңғай түсті шешім таңдап алынады. Биыл жыл айларына орай 12 түске басымдық берілген. Мерекелік алаңдар қала орталығында ғана емес, шеткері аймақтарда да болады. Сондықтан, мейрамды барлық жерде толықтай сезінуге мүмкіндік бар.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ