Қазақстан мен Бенилюкс елдері қызметтік паспорт иелеріне виза талаптарын жою туралы хаттамаға қол қойды. Қол қою рәсімі Брюссельдегі Бенилюкс бас хатшылығында өтті.
Бенилюкс – Бельгия, Нидерланд, Люксембург мемлекеттері арасындағы саяси экономикалық одақ. 1960 жылы құрылған. Осы Одаққа мүше үш ел мен Қазақстанның қызметтік паспорт иелері хаттама күшіне енген соң бір-біріне жұмыс бабымен 90 күнге визасыз сапарлай алады.
Жалпы Қазақстан дипломатиялық паспорт иелеріне визасыз режим туралы 96 елмен, қызметтік паспорт иелеріне 77 елмен, ал ұлттық паспорт иелеріне 43 елмен визасыз саяхаттау туралы келісімге қол қойған.
Йорис Салден, Бельгия Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментінің бас директоры:
Хаттама елдер арасындағы барыс-келісті жеңілдету үшін маңызды. Осындай уағдаластыққа Қазақстанмен қол жеткізгенімізге қуаныштымын. Елдеріңізден мұнай тасымалы, жалпы арадағы экономикалық көрсеткіштер едәуір өскен. Біз оны әрі қарай ілгерілетуге ниеттіміз.
Марғұлан Баймұхан, ҚР Бельгиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі:
Бұл біздің азаматтарымыз үшін виза рәсімдеуді жеңілдетудің кезекті қадамы. Енді мемлекеттік қызметкерлер, ұлттық компания және қазақстандық делегация өкілдері ЕуроОдақтың бас қаласы Брюссельге кедергісіз, емін-еркін келе алады. Брюссельде 130-дан астам халықаралық ұйым, 200-дей дипломатиялық миссия, еуропалық институттар орналасқан.
Нұрсұлу Қасым