Ертіс өзеніне Сібір бекіресінің шабақтары жіберілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертіс өзеніне Сібір бекіресінің шабақтары жіберілді

07.10.2024

Ертіс өзеніне Сібір бекіресінің шабақтары жіберілді. Осылайша өзеннің балық қорын молайтуға көңіл бөлініп жатыр. Алғашқы жұмыс Жаңасемей ауданына қарасты Шаған ауылында басталды. Өзенге 128 мың Сібір бекіресінің шабағы жіберілді.

Ертіс суы мол бай өзен. Бұрын бұл өзенде Сібір бекіресі тұқымдас балықтар болған. Енді соны қайта көбейту үшін жасанды жолмен көбейту тәсілдері қолға алынды. Ертіс өзенінің Шаған ауылы тұсына «OSTFISH» компаниясы салмағы 20 грамм болатын 104 мың шабақ және 200 граммдық 24 мың балық жіберді.

Ерлан Сағидолдин, «Ostfish» ЖШС директоры:

Өткен жылы біз мұнда орташа салмағы 100 грамм болатын 3 мың Сібір бекіресінің шабақтарын жібердік. Екі ай бұрын мамандар бақылау жасап балықтарды аулаған кезде, солардың бірнешеуін кездестірген. Осыған қарағанда, балықтар өзенге жақсы бейімделіп, көбейіп жатар.

Балық инспекциясының мамандары Ертіс өзені бұрын Сібір бекіресінің мекендейтін жері болғанын айтады. Тек су электр станциясының құрылысына байланысты олардың саны кеміп кеткен.

Тілеубек Қоңырғазин, Семей қаласы балық инспекциясының бас маманы:

ГЭС құрылғанына байланысты балық жоғарыға көтеріле алмай, табиғи мекеннен жоғалды. Бұрын қанша болған ешкім білмейді. Бірақ мына балықты өсіру Сібір бекіресінің қоршаған орталығы өсіп уылдырық шашуына 7-8 жыл уақыт кетеді.

Балықтар жаңа мекенге тез бейімделеді. Ол үшін шабақтарға бір күн уақыт жеткілікті. Маңызды жұмыстың бірі - браконьерлік қылмыстарды болдырмау.

Айнұр Ақмырза, Абай облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

Бүгінгі таңда Сібір бекіресі Қызыл кітапқа енген балық. Қызыл кітап тізімінен шығару үшін популяцияны қалыпқа келтіруге қанша уақыт қажет болатынын ғалымдар жақсы біледі. Жалпы біз өзендерді Сібір бекіресімен балықтандыру акциясын тұрақты түрде жалғастырамыз.

Балықтандыру үшін ең қолайлы кезең көктем мен күз. Биыл бұл жұмыстар Абай облысында жоспарлы түрде өткізіліп жатыр.


Хабарламаларға жазылу