Президенттің Қостанай облысына іс-сапары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің Қостанай облысына іс-сапары

15.09.2024

V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында Қазақстан жалпы командалық есепте бірінші орын алды.

Жарысқа 89 мемлекет қатысса, соның 33-інің спортшысына жүлде бұйырған.

Бастапқыда 97 жүлде жиынтығы сарапқа салынатыны айтылған. Кейін шетелдік құрамалардың өтінішімен дәстүрлі садақ атудан «пұт», «қалқан» және «жамбы» нысаналары бойынша қыздар сайысы қосылып, медальдар жиынтығы 100-ге жетті.

Қазақстанның «алтыны» - 43, «күмісі» – 34, қола медалі – 37.

Ал енді ашылу салтанатында көшпенділер өркениеті дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырған өркениет екенін айтқан Президент:

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі. Қазақ жерінен әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи сынды ғұламалар шыққан. Олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосты. Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды. Осы жерде ежелгі Ғұн империясы, одан соң Түрік қағанаты салтанат құрды. Олардың даңқты жолын Алтын Орда мен Қазақ хандығы жалғастырды.

Демек, Көшпенділер ойыны бабалар аманат еткен қастерлі мұраны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау мақсатынан туған бірегей жоба, оны Көшпенділер олимпиадасы деуге болады деді.

Бекен Қайратұлы, жазушы, этнограф:

Көшпенділер ойыны деген сөз оның бір тұғыры болуы керек қой. Демек көшпенділер мәдениеті деген бар да. Ал көшпенді мәдениеті болса, оның жаңағы қалаушылары бар ғой. Демек көшпенді мәдениетінің қалыптасқан 2 мыңжылдық, 3 мыңжылдық тарихы бар ғой. Көшпенді деген қоғам. Қоғам тұтастануы үшін оның былайша айтқанда жауынгерлік өнері, тұрмыстық салты, қолданбалы өнері, қарым-қатынасы, өзінің жырлары болады деген сияқты. Демек қазіргі таңда ежелгі көшпенділер мәдениетінен қалған қырғыз, қазақ, өзбек біз мұрагеріміз ғой. Әлемде шумер мәдениеті дейміз мәдениеттер бар да. Соған пара-пар келетін және одан асып түсетін және өте ұлы мәдениет көшпенділер мәдениеті.

Бұл шара көрген жұртты тамсандырып, келе алмаған елді еліктіріп қойды. Ұсақ әңгіме, арсыз күлкі, қисынсыз жырқыл сияқты күрсінетін әдеттерді ұмыттырды. 

Бекен Қайратұлы, жазушы, этнограф:

Көшпенділер мәдениеті біздің ата-бабамыздың генеологиялық санасын жаңғырту, екінші көшпенді мәдениетінің ұрпақтарын біріктіру мақсатында өткізіп жатқан. Және ол қандай Қазақстанда өтіп жатыр. Оны өткізу үшін сол елдің беделі, ақшасы, қуаты болуы керек қой. Демек бұл біздің мемлекеттік қуатымызды әйгілейтін бірден-бір тетік. 

 Көшпенділер ойынынан не түйдік деген Амангелді Сейітханның материалын бағдарлама соңында береміз.

Диқандары биыл 5 миллион гектар алқапқа егін еккен Қостанай облысына барған Президент ауыл шаруашылығы ғана емес, өнеркәсіп әлеуетінің де ахуалын таразылап қайтты. Данияр Қайыртайдың репортажы.

Данияр Қайыртай, тілші:

Президент ай басында жариялаған Жолдауынан кейін араға апта салып, Қостанай өңіріне жұмыс сапарымен келді. Индустриялық әрі астықты өлке бекер таңдалмаған болар. Жолдаудағы негізгі түйін – экономикалық өсім мен жұмысшы мамандардың беделін арттыру болса, екеуінің де іс жүзіндегі көрінісін осы аймақтан табуға болады емес пе?! «Еңбек – қашан да құнды». Облыстағы түрлі еңбек ұжымдарымен кездесуде Президент осылай деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сөзін алдымен шойын құятын жаңа зауыттың қызметкерлерімен әңгіме кезінде айтты. Мұнда ұзын-ырғасы 500 жаңа жұмыс орны ашылған. Кәсіпорын құны 78 млрд тг асады. Зауытта жүк көліктерінің қозғалтқышына арналған қосалқы бөлшектер шығарылмақ.

Данияр Қайыртай, тілші:

Бұл шойын құятын зауытта өндіріс процесі барынша автоматтандырылған. Міне, мынандай 30 робот жұмыс істейді. Осылайша мұнда жыл сайын көлік өндірісіне арналған 45 мың тонна құйма өнім шығарылмақ.

Мұқағали Төлегенов, «Kamlitkz» зауытының жабдықтарға қызмет көрсету бойынша шебері:

Роботтар қиын жұмыстарды жасайды. Адамның күші жетпейтін, автоматика жұмыстары, робототехника жұмыстарын Кука-роботы арқылы жұмыс жасаймыз. Бұның тиімділігі – жылдамдығында, кейін адам құсап шаршап демалу жоқ, 12 сағат бойы, 24 сағат бойы да жұмыс жасай алады.

Данияр Қайыртай, тілші:

КІА көлік компаниясы алғаш рет отанынан тысқары жерде зауыт салып жатыр. Құрылыс былтыр күзде басталған. Қадасы қағылып, бетон құйылып қойды. Қазір металл конструкциясы, яғни қаңқасы құрастырылып жатыр. Аумағы 70 гектарды алатын зауыт алдағы жазда іске қосылады деп жоспарланған.

Ким Де Ки, «KIA Qazaqstan» бас директоры:

Алғашқы жылы 3 мың автомобиль шығарамыз. Кейін жыл сайын 70 мың көлік өндіру көзделіп отыр. Бастапқыда 3 модель шығарылады. Кейін кеңейе түсеміз.

«Біз осы зауытты салу арқылы Қазақстанның индустриализациясына үлес қосып жатырмыз»,-деп қалды Ким Де Ки. Әлемде геосаяси тұрақсыздық орнағалы осы аймақтан кәсіпорын ашуға өздерінде де мүдде бары рас. Жобаны мемлекеттер басшылары да бақылауында ұстап отыр. Корея президенті Юн Сок Ель жазда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгенде осы зауыт құрылысы да талқыланған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Келесі жылы толық циклді KIA зауыты іске қосылмақ. Аталған жобаға 200 миллион доллар көлемінде инвестиция тартылды. Бұл ретте компанияның алғаш рет Оңтүстік Кореядан тысқары жердегі зауыт құрылысына қаржы салып отырғанын және ол үшін біздің елімізді таңдағанын атап өткен жөн.

Қостанай индустриялық қуатымен ғана ерекшеленбейді. Бұл – алдымен астықты өлке. Биыл диқандар 5 млн гектарға егін еккен. Президент алқапты аралаған соң ауыл шаруашылығы еңбеккерлерімен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әлбетте, өз жерін тиімді игеріп отырған кәсіпкерлерді біз қолдаймыз. Ал иелігіндегі жерге жылына 2-3 рет қана келіп, табысты жинап алып кететін, өздері Алматыда немесе тіпті шет елде тұратын кәсіпкерлер бізге керек емес. Ол жеріне ие болып, ауылдастарының тұрмысын жөндеуге атсалысуы керек.

Манат Карбозов, «Сыма-К» шаруа қожалығының директоры:

Ангус тұқымды ірі қара малдың селекциялық жұмыстарымен айналысамыз. Мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы үш жылда мал басын үш есе арттырдық. Қазір 1,5 мың бас ірі қара өсіріп отырмыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мемлекет тарапынан біз қолдау көрсетеміз. Биыл егін бітік. Ауа райы қолайсыздығына байланысты неше түрлі қиындықтар бар. Бәріміз бір халық болып, бір ұжым болып барлық қиыншылақтарды, міндетті түрде, еңсереміз деп ойлаймын.

Кей дерекке сенсек, ауыл шаруашылығына қажет техниканың 80 пайызы тозған. Ал осы өңірде шаруаға қажет дөңгелекті машиналар мен қосалқы бөлшектер шығаратын зауыт бар. Биылғы 8 айдың өзінде 1 мыңға жуық трактор мен 300 комбайн шығарылған. Жыл сайын 250 мыңға жуық бөлшек өндіріледі.

Әлібек Құсайынов, Agromash зауытының вице-президенті:

Ауыл шаруашылығы техникасына арналған бөлшектерді шығаруға ғана емес және де жалпы машина жасау саласына арналған компоненттерді шығару үшін осы локализация орталығы ашылған. 100-ден астам жаңа жабдықтарды сатып алдық.

Зауытта 700 маман еңбек етеді. Соның бірі – 23 жастағы Жандос Қабдіраш.

Жандос Қабдіраш, токарь:

Мен 2021 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Колледжді бітіріп, әскерден кейін осы Агромаш зауытына жұмысқа орналастым. Сәтбаев атындағы индустриалдық колледжінде оқыдым. Өзімнің мамандығым токарлық іс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Келесі жылды Жұмысшы мамандар жылы деп жариялағанымды білесіздер. Сіздерді қаржылай әрі моральдық жағынан қолдаймыз. Себебі сіздер сияқты мамандар елге керек.

Президент жаңадан ашылған дене шынықтыру кешенін де аралады. Жас баскетболшыларға америкалық атақты ойыншыларға «ұқсап бағыңдар» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Леброн Джеймс, Стефен Карри, Кевин Дюрант, осындай ойыншыларды білесіңдер ғой, иә? 

Ал мынау – оқушылар сарайы. Мұнда екі мыңға жуық оқушы сабағынан тыс уақытта 24 түрлі үйірмеге қатысады.

Данияр Қайыртай




Хабарламаларға жазылу