Талдықорғанда «RESPUBLICA» партиясының кубогы үшін тоғызқұмалақтан жасөспірімдер және ересектер арасында облыстық турнир өтті. Шара Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қарсаңыңда Жетісу облыстық тоғызқұмалақ федерациясының қолдауымен ұйымдастырылды. Интеллектуалдық ойынға ынтызар жастардың қарасы қалың.
Сегіз аудан, екі қала. Барлығы жүзден аса спортшы. Жастары бар, ересегі бар ұлттық ойынды ұлықтауға келді. 4 мың жылдық тарихы бар тоғызқұмалақ қазір әлемдегі 20 интеллектуалдық ойын қатарында. Осындай жарыстар жиі ұйымдастырылса халықтың да ойынға қызығушылы артады.
Әкім Тұрсын, Тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті:Ұлттық спорт түрлерін салыстырмалы алған кезде ішінде 210 мың адам бүгінгі таңда ойнайды деп келтіреміз. Бірақ ол жеткіліксіз. Неге? Өйткені бұл ұлттық құндылығымыз, мұндай жарыстар жиі болу керек.
Бұл жарыс бесінші дүниежүзілік ойындар алдында мықтыларды іріктеуге бағытталған. Республика партиясы Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында әр өңірде тоғызқұмалақ федерациясын құрып жатқан жайы бар.
Ришат Асқарбекұлы, «RESPUBLICA» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы:Көп қаражатты талап етпейтін, ұлттық ойындар, үстел ойындарын мейлінше дамыту туралы жергілікті атқарушы билікке тапсырма берген. Сол бойынша күнтізбелік жоспарлары бар спорт басқармалары жыл бойы өздері өткізіп жатады. Соның ішінде біз саяси қоғамдық бірлестік болғаннан кейін осы жағын қолдауға шешім қабылдадық.
Жарыс нәтижесі бойынша үздік деп танылған спортшылар қаржылай марапатталды.
Қуаныш Қанатұлы