Аптада Президент Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларын қабылдады «Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі аймақтық орталығын ашу өзекті мәселе деп санаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл басқосуды Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алтыншы Консультативтік кездесуіне дайындық деуге болады. Аталған жиын 9 тамызда Астанада өтеді. Себебі – Қазақстан ұйымның биылғы төрағасы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
Біз Аймақтық кооперацияны дамыту жөніндегі «Орталық Азия – 2040» стратегиясын әзірледік. Өңірлік тығыз қарым-қатынастың басымдықтары, ең алдымен, бесжақты ықпалдастықты кеңейтуге және Орталық Азияның халықаралық субъектілігін нығайтуға бағытталған. Бұл құжатты Астанадағы саммит барысында қабылдаудың өңір үшін концептуалды мәні зор болатынына сенімдімін.
Иә, соғыстың бітетін түрі байқалмаған сайын Орталық Азия мемлекеттерінің концептуалды мәселелер бойынша бір жұдырық болуы, соған тырысуы өте-мөте маңызды. Жанама тағы бір мысал, Президент Қ.Тоқаев Әзербайжан мен Арменияға бейбіт келісімге келу жолында Қазақстанда кездесуге ұсыныс жасағаны мәлім, тараптар оны қабылдап, екі мемлекеттің сыртқы істер министрлерінің кездесуі Алматыда өтті де. Әрине, бұл процесс. Бір сәтте мәмілеге келе қоймайды. Дегенмен компромиске келуге ниет байқалады.
Әзірбайжан мен Армения арасындағы соғысқа 33 жыл бұрын Б.Ельцин мен Н.Назарбаев та араласып көрген...АҚШ, Франция, Ресей арағайындық танытқан...Алайда келіссөздер мұздай «қатып» қалған-ды. Қарабақ үшін талас 2020 жылы Әзербайжанның жеңісімен аяқталды. Енді бейбіт келісім керек. Бейбітшілік келісіміне тезірек қол қойылуына біз неге мүдделіміз? «Гуманизм принциптеріне сай» - деген дұрыс ғой, дегенмен тіршіліктің талаптары да бар. Біз Транскаспий жобасына ставка жасап отырмыз. Каспий арқылы кететін дәліз. Ал Әзербайжан, Армения арқылы Түркияға шығатын Зангезур дәлізін іске қосуды мұрат тұтқан. Бакудің жоспары мынадай: Нахичевань эксклавы, яғни өзге мемлекеттің қоршауындағы ауданымен, одан әрі басты одақтасы – Түркиямен құрлық арқылы тіке байланыс орнату. Ал бұл дәліздің 43 шақырымы өтетін Арменияның бейбіт келісімге қол қоюына Орталық Азиядағы түркі тілдес мемлекеттер де ынталы екені айтпаса да түсінікті. Әсіресе, географиялық жағынан өткел болып тұрған Қазақстан үшін. Бұл Еуропаға басқа емес, Түркия арқылы ашылатын терезе. Армяндардың да құралақан қалмайтыны сөзсіз - өткен әр көліктен ақы алады. Геосаясаттың осындай детальдарын біліп жүру керек.