Жолдаудың негізгі тезисі жаңа экономикалық модель екенін жоғарыда айттық. Бұл орайда экономиканың негізгі драйвері – ауыл шаруашылығына баса мән беріліп отыр. Президент агроөнеркәсіп кешенінде үлкен серпіліс жасау керек, - деді. Қазақстанның агралы мемлекет ретінде әлеуеті зор екені үнемі айтылып келеді. Бұл саланың проблемалары мен оны шешудің тетіктері жайлы «Apta» бағдарламасы да бірнеше мәрте мәселе көтерді. Агросектордың кенжелеп қала беруінің басты себебіне де үңілуге тырыстық.
Жауапты министрлік өкілдері де, сарапшылар да «қаражат тапшылығы» дейді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бюджеті 500 млрд теңге шамасында. Салыстырмалы түрде әлеуметтік салаға 4,5 трлн теңгеден астам ақша бөлінеді. Халықты әлеуметтік қолдау қажет, әрине. Бірақ елдің өзін-өзі асырай алмай, сырттың азық-түлігіне тәуелді болуы – түптеп келгенде ұлттық қауіпсіздік мәселесі емес пе?!
Министрлік пен бизнес өкілдерінің есептеуінше, агросекторға қажет бюджет көлемі кемі 5 трлн теңге екен. Өйткені тамшылатып суару сияқты заманға сай технологияны, инфрақұрылым, жерді күтіп-баптау, тыңайтқыштар сияқты дүниенің бәрі қымбатқа түседі. Техникасы тағы бар. «Техника» демекші, оның азып-тозғанын Президент те айтып өтті.
«Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тағы бір маңызды дүние: агроғылымды дамыту. Ол да ақшаға келіп тіреледі. Агросекторды дамытуға қатысты атқарылуы тиіс міндеттерді Мемлекет басшысы айқындап берді. Үлкен әрі басты миссия: ішкі нарықты қамтып қана қоймай, Еуразиядағы басты аграрлық орталыққа айналу. Ол үшін тауарды шикізат күйінде сата бермей, ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу бағытын дамыту керек. Оны өткізетін нарық та үлкен. Бір Қытайдың өзі неге тұрады?!
Қасым-Жомарт Тоқаев өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу керек, -деді. Ал бизнесті бұған қызықтыру үшін салық саясатын қайта қарауды тапсырды. Өнімдерді терең өңдеу бойынша Солтүстік Қазақстанның сүт-тауар фермаларын үлгі етті. Енді оны орындау тетіктері қандай болады? Үкімет «Бәйтерек» холдингі, банктерді өндіріс саласындағы компанияларды ғана емес, агросекторды да қолдауға үгіттемек. Субсидия бөлу сияқты мемлекет тарапынан көмек жалғаса беретініне сендіріп отыр. Жолдауға жүгінсек, суды көп қажет ететін егіс алқаптары азаятын сияқты. Оңтүстікте қуаңшылық жылдан-жылға үдеп бара жатқанын ескерсек, бір ғана дақылды егумен жерді еміп жүре беретін заман артта қалуы қажет.
Осы орайда Израиль тәжірибесін мысалға келтіруге болады. Олардың фермерлері халық тұтынатын азықтың 95 процентін беріп отыр. Тіпті, ЕуроОдақ пен ондаған мемлекетке экспорт жасайды. Бір назар аударарлық деталь: Израильде ауыл шаруашылығымен айналысуға жарамды жер көлемі 20 пайызға да жетпейді. Израильдің басты сыры: жаңа технологиялар. Суды тиімді пайдаланып, шөлейт жердің өзінде ауыл шаруашылығын дамытып отыр. Тағы бір мысал. 2022 жылы Нидерланды ғалымдары жылыжайға бидай егіп, зерттеу жасады. Ал нәтиже қандай дейсіз бе? Айтайық. Гектарынан жылына 117 тонна бидай алған. Бұл дегеніңіз әр маусымда гектарынан шамамен 30 тонна өнім. Бір центнермен өлшейміз ғой. 30 тоннаңыз 300 центнер. Бізде орташа өнім 12-14 центнер. Міне – ғылымның күші!
Сонымен, Қазақстан осы аймақтағы ірі аграрлық орталыққа айналуы үшін не керек? Саланы жақсы білетін мамандардың пікірін сұрап білдік.