Үкімет отырысы: 2025 жылға дейін халықты 100% ауыз сумен қамту керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет отырысы: 2025 жылға дейін халықты 100% ауыз сумен қамту керек

21.12.2022

2025-ші жылға дейін халықты 100% ауыз сумен қамту керек. Алайда жүйесіз тірлік, жосықсыз жоспардың кесірінен бұл меже орындалмауы мүмкін дейді, Мәжіліс депутаттары. Себебі бірқатар өңірлерде су тартуға бөлінген миллиардтаған қаржы игерілмей, тіпті кейбір елдімекендерде барлау жұмыстары жүргізілмеген. Кесірінен ауыл халқы ондаған жылдар бойы ауыз суға жарымай келеді.

Алмапыс батыр ауылдық округіне қарасты Ақжол мен Қауыншы елдімекендерінде 6 мыңнан аса тұрғын бар. Бірақ ауыл халқы отыз жылдан бері таза суға жарымай келеді. Осыдан он жыл бұрын жүз миллиондай қаражат бөлінгенімен, барлау жұмыстары дұрыс жүргізілмей, бюджеттің ақшасы желге ұшты. Былтыр 900 млн теңге тағы бөлінді. Бірақ он жыл бұрынғы кемшілік тағы қайталанып, жер астынан су шықпады.

Бақытжан Шырынбеков, Келес аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
Су дебиті 50-70 метр аралығында анықталған болатын. Алайда жерасты бұрғылау жұмыстарының барысында сараптама берген тереңдікте ондай су дебиті көлемі анықталған жоқ, шындығын айтқанда. Сараптамаға үш жыл беріледі, кепіл мерзімі 3 жыл беріледі. Үш жыл кепіл мерзімі 2018-ші жылы өтіп кеткен.

Кепіл мерзімі өтіп кеткенін біле тұра жауапты басқарма мердігерге миллиондаған ақша бөліп, су жүргізуге тапсырыс берген. Алайда жерді 800 метрге дейін қазғанмен, таза суға қарық болған халық жоқ. Тұрғындар Кеңес одағы тарқағаннан бері Өзбекстаннан келетін арықтан су ішіп отыр. Оның өзінде қыста тіршілік нәріне зар боп қалады. Соңғы жиырма күннен бері каналдан су ақпай, жұрт көрші ауылдарға сабылып жүр.

Баян Алтынбекова, Алпамыс батыр ауылының тұрғыны:
Тек ол егінге ғана. Ішуге емес. Бірақ соны ішіп жатырмыз біз. Амал жоқтан соны құйдырып алады. Халықтың қалтасы көтермейді.

Мердігердің мардымсыз тірлігінен мезі болған көпшілік көшемізді қайта-қайта қазып, берекемізді алды деп ашынады. Себебі, қазылған жермен көлік түгілі адам жүре алмайды.

Соня Әлиева, Алпамыс батыр ауылының тұрғыны:
Бірінші бригада жазда қазып-қазып, тастап кетті жартысында. Енді біздің ауылдың жігіттері қайтадан қазып, қайтадан шланга тартып жатыр. Анау көпірді бұзып тастаған.

Тарыққан жұрттың мәселесі Мәжілісте де қаралды. Депутаттардың айтуынша, биыл ауыз суға деп бөлінген 32 млрд теңге игерілмей қалған. Ал Түркістан, Жамбыл, Қарағанды және Алматы облыстарындағы 28 ауылда суды іздестіру-барлау жұмыстары тіпті басталмаған да.

Аманғали Бердалин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ағымдағы жылы 127 ауылдың іс жүзінде 97-сі ғана ауыз сумен қамтамасыз етілуі мүмкін. Қаражаттың игерілмеуіне байланысты 30 ауылда жоспардың орындалмауы болжанып отыр.

Сондай-ақ, 100-ден аса ауылда жобалау-сметалық құжаттары мүлде дайындалмаған. Осы олқылықтар жойылмайынша, 2025 жылға дейін ауыл аймақты түгел ауызсумен қамтимыз деген жоспар тек қағаз күйінде қалуы мүмкін деген халық қалаулылары Үкіметтен жұмысты ширатуды талап етті.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу