2025 жылға дейін отбасын қолдау орталықтарының санын 234-ке жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия өкілдері айтты.
Биыл комиссия мүшелері еліміздің 18 өңірінде болып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдаған. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, ана мен бала өлімін азайту, отбасы құндылықтарын нығайту мен ұлттық тәрбие, буллингпен күрес сынды түрлі тақырыпта 30-дан астам маңызды іс-шара ұйымдастырылды.
Нәтижесінде 160-қа жуық нақты тапсырма берілген. Сонымен қатар жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу мақсатында психолог мамандармен жұмысты күшейту тетіктері кеңейтілді.
Ләззат Сүлеймен, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары:
Бізде осы уақытқа дейін психологтардың жұмысын реттеу, жергілікті әкімдіктердің өкілеттігіне кетіп қалған екен. Соның барлығын біз қайтып алып, Оқу-ағарту министрлігінің өкілеттігіне қайтарылып беріліп, психологтардың жұмысын реттеу, дамыту, республика бойынша бір қолға министрлікке берілді. Осыған байланысты арнайы тұжырымдама жасалды. Оларды оқытуға байланысты, жұмысын реттеуге байланысты.