Ақтөбеде балаға қол жұмсаған қызметкер сотталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде балаға қол жұмсаған қызметкер сотталды

05.10.2022

Ақтөбеде ақыл-есінің дамуында тежеуі бар балаларға қол көтерген санитар шартты түрде 4 жарым жылға сотталды.

Сот жаза тағайындау кезінде оның кінәсін мойындап, өкінгенін және кәмелет жасына толмаған балалары барын ескерген. Естеріңізге салсақ, бұған дейін аталған мекеменің өзге үш маманы да жазаға тартылған болатын. Тексеру кезінде, олардың тәрбиеленушілерге зәбір көрсеткені толық дәлелденді. Прокуратура мамандары мүгедектігі бар балалар мен «Үміт» сәбилер үйінің бір ғимаратта орналасқанын анықтаған. Мекеменің арнайы спорт залы мен массаж жасайтын бөлмелері болмаған. Прокурорлар аталған екі мекемені басқа жерге орналастыру жөнінде нұсқама берді. Дегенмен, олқылықтар әлі толық жойылған жоқ.

Жылқы ұрлағандар сотталды

Ақтөбе облысында мал ұрлығымен айналысқан үш тұрғын сотталды. Олар ұйымдасқан түрде, Темір ауданының Қостам елдімекенінен 24 бас жылқыны ұрлап кеткен. Мал иесіне келген шығын көлемі 11 миллион теңгеден асады. Қазіргі күні ол толығымен өтелген. Сот кезінде айыпталушылардың бірі кінәсін толық мойындап, жазаны жеңілдетуді сұраған. Куәгерлер мен басқа да айғақтардың нәтижесінде, олардың кінәсі толық дәлелденді. Екеуі 8 жылға, бірі 8 жыл 1 айға сотталды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу