Президент БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасымен кездесті

09.07.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының төрағасымен кездесті. Елімізге ресми сапармен келген Волкан Бозкыр мен президент Қазақстан мен Ұйым арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Әрі пандемияға қарсы күрестегі бірлескен іс-қимылдарға, сондай-ақ, өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.

Волкан Бозкыр БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясын басқарады. Түркиялық азулы саясаткер, білікті дипломат Орталық Азияны аралауға шыққан еді. Ресми сапармен Қазақстанға арнайы келіп отыр. Бұл аймақтың рөлі артып келе жатқанын білдіреді деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Орталық Азияда болып жатқан ахуалды бағалау тұрғысынан Сіздің бұл сапарыңыз аса маңызды. Аталған аймақ жаһандық саясат аясында зор маңызға ие болып келе жатыр. Өзіңізді БҰҰ Бас Ассамблеясының сайланған төрағасы ретінде көргеніме қуаныштымын. Сіздің осы жауапты әрі маңызды миссияңыз табысты болады деп ойлаймын. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымын мультилатерализмнің діңгегі ретінде қарастырамыз.

Президент БҰҰ-ның мақсаттарын Қазақстанның толық қолдайтынын да жеткізді. Әрі Волкан Бозкырдың басшылығымен Ассамблея Ұйымның мақсатына қол жеткізуіне, әсіресе жаһанды жалмаған пандемия кезінде күш біріктіруге елеулі үлес қосатынын айтты. Өйткені жұдырықтай жұмылмай індетті еңсеру мүмкін емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде дағдарыстың салдарын еңсеру үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Біз өзіміздің төл вакцинамызды әзірледік. Келешекте, қажет болған жағдайда, оны мұқтаж елдерге ұсынуға дайынбыз.

Жылы қабылдағаны үшін алғысын айтқан Волкан Бозкыр болса, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық еткенін, сондай-ақ, Сирия қақтығысын реттеу кезіндегі ресми Нұр-Сұлтанның еңбегін ерекше бағалады.

Волкан Бозкыр, БҰҰ Бас Ассамблеясының президенті:
Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмысына өте белсенді атсалысады. Сіз БҰҰ жүйесінде көп жыл жұмыс істедіңіз. Тәжірибеңіз мол. Елдің басшылығы да Ұйыммен белсенді ықпалдастық жасайды. Қазақстанның Сирия қақтығысын Астана процесі ретінде белгілі бейбіт жолмен реттеуге қосқан үлесін қолдаймын.

Сондай-ақ әлемдік дағдарыс, пандемия салдары мен Ауғанстандағы ахуал сөз болды. Осыған байланысты өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету өте өзекті мәселе екені айтылды.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу