Елімізде электр энергиясын өндіру көлемі артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде электр энергиясын өндіру көлемі артып келеді

29.04.2019

Бұл туралы Энергетика министрі Қанат Бозымбаев азаматтық сектор мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінің басын қосқан жиында айтты. Ақпаратқа сәйкес, оның көлемі 106,8 млрд киловатты құраған. Яғни, ішкі нарық электр энергиясымен толық қамтылған. Тіпті, артығымен тұр. Осы ретте электр энергиясын экспорттаудың географиялық аумағын кеңейту мәселесі қарастырылып жатыр.

Осы жылдың мамыр айының соңына дейін Еуразиялық Экономикалық Одақ елдері арасында протоколға қол қойылмақ. Келісім сәтті жүзеге асса, біздің тарап 5 жыл бойы осы одақ аясында өз өнімін сататын болады.

Айта кетейік, соңғы 3 жылда Қазақстанда өндірілген 13,798 млрд мегаватт электр энергиясы шекара асқан.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- Жалпы алғанда қосымша жұмыс істейтін электр энергетикалық жүйелер негізінде бірте-бірте жалпы электроэнергетикалық нарығын құру жоспарланып отыр. Нормативтік-құқықтық база Еуразиялық Экономикалық Одақ елдерімен әлі де дами түседі. Біз теңдік, өзара тиімділік негізінде және одаққа мүше мемлекеттердің кез келгеніне экономикалық залал келтірмейтін ынтымақтастыққа жағдай жасаймыз. Сонымен бірге электр энергиясын өндірушілер мен тұтынушылардың экономикалық мүдделерінің теңгерімі сақталады.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу