Халықаралық Түркі академиясы Түркі әлемі Ғылым академиялары одағын құруға бастамашы болып отыр. Осыған орай Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі және Қырғыз Ресубликасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Абдыганы Эркебаев бүгін таңғы бағдарламада қонақта болды.
Одақтың құрылудағы мақсатына тоқталған Дархан Қыдырәлі: «Елбасының бастамасымен құрылған Халықаралық Түркі академиясының негізгі миссиясы – жалпы түркі халықтарының тарихын, әдебиетін, мәдениетін зерттеу, өзге елдердің ғылымына жәрдем беру, кадрлар даярлау, біріккен шаралар өткізу.
Осыған байланысты Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің мәдениет министрлері жалпы біздің академиялар одағын құру туралы ұсынысымызға оң жауап берді. Ондағы мақсатымыз – Түркі кеңесіне төрт мемлекет қана мүше. Олар: Қазақстан, Түркия, Қырғызстан және Әзірбайжан.
Бұл елдерден басқа да Түркіменстан, Өзбекстан, Татарстан, Башқұртстан сияқты елдер бар. Сондықтан, Түркі академиясының құрамына кірмейтін елдерді түркі халықтарының ғылымын, білімін қолдау және олардың арасында үйлестіру жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында осындай идея дүниеге келді»,-дейді.
Одақтың құрылуына қатысты ойымен бөліскен Абдыганы Эркебаев: «Дархан мырза айтып кеткендей, түркі халықтары төртеу ғана емес, одан көп. Сондықтан, мен үнемі қолдап жүремін. Түркі халықтарының басын қосып, олардың тіліне, мәдениетіне, тарихына, экономикасына, саяси қызметіне, жалпы ахуалына қатысты Мемлекет басшыларына ұсынымызды жеткізсек, біздің қосқан үлесіміз осы болмақ»,-дейді.
«Жалпы, жиынға Қазақстан, Түркия, Қырғызстан және Әзірбайжан елдерінің ұлттық академияларының басшылары қатысады. Сонымен қатар, Татарстан, Башқұртстанның ұлттық академияларының басшылары арнайы келді. Өзбекстан, Түркіменстан, Саха Республикасы келе алмағанымен, қолдау білдірді. Бақылаушы ретінде Венгрия мен Моңғолия елдері ықылас танытып отыр»,-дейді Дархан Қыдырәлі.
Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.