«Әділет» партиясы ресми цифрлық платформасын іске қосты
Тіркеу сатысындағы «Әділет» партиясы цифрлық платформасын іске қосты. Онда кеңселерге бармай-ақ, электронды өтінішті толтыру арқылы партия құрамына қосылу мүмкіндігі қарастырылған. Айта кетейік, бұған дейін бастамашыл топ елімізде «Әділет» саяси партиясын құру туралы ниет білдірген. Заңға сәйкес бастаманы қолдаған 700 қазақстандықтың тізімі жинақталып, Әділет министрлігіне тапсырылды. Мамырдың 7-сі партияның Құрылтай сьезі өтеді. Оған дейін қолдаушылар әр аймақтан кемі 200 адам болуы шарт. Электронды платформа осы талапты да барынша ыңғайлы ету үшін жасалып отыр. «Әділет» партиясы доменінде партияның сайты орналасты және «қолдаушылар тізіміне» электронды қолтаңба арқылы қосылу мүмкіндігі жасалды.
Рауан Кенжеханұлы, «Әділет» партиясы ұйымдастыру комитетінің мүшесі:
Бұл шынында да Қазақстан тарихындағы ең алғашқы саяси партияларды құру барысын, процессін цифрландыру бастамасы. Біз ойланып, заңның аясындағы талаптарды зерттеп, осы саяси партияны құру барысында барынша цифрландыруға тырыстық. Болашақта осы платформаның негізінде партия мүшелерінің барлық басқа әрекеттерін де мейлінше икемді, ыңғайлы, цифрлы ортада іске асыруға бағытталған шешімдерді көбейтеміз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы