E-Otinish платформасын күніне 30 мың адам пайдаланады
Биыл «E-Otinish» ақпарттық жүйесінің іске қосылғанына – 5 жыл. Осы уақыт ішінде порталдың халық арасында танымалдығы айтарлықтай артты. Бұрын күніне 100-120 адам пайдаланса, қазір тәулігіне 20 мыңнан астам азамат жүгінеді. Жобаны алдағы уақытта жасанды интеллект арқылы жетілдіру жоспарланып отыр.
«E-Otinish» – азаматтар мен мемлекет органдар арасындағы байланысты жеңілдеткен цифрлық платформа. Экожүйеге 50 мыңнан астам мекеме қосылған. Қазір платформаны 3 миллионнан астам адам пайдаланады.
Елордада ақпараттық жүйенің 5 жылдығына арналған конференция өтті. Оған Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев пен Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және мемлекеттік орган өкілдері қатысты. Мемлекет басшының көмекшісі жүйенің «Заң мен тәртіп» қағдаиттарын іске асырудағы рөлін атап өтті.
Ержан Жиенбаев, ҚР Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі:
Бүгінгі күнге дейін жүйе арқылы мемлекеттік органдардың жұмысына 1 миллионнан астам баға берілді. Азаматтардың қанағаттану деңгейі 60%-дан асады. Бүгінде сервиске 50 000-нан астам ұйым біріктірілген. Ел бойынша күн сайын 380 000 қызметкер өтінішті қарап, жауап дайындайды. Бұл жүйе мемлекеттік аппарат жұмысына объективті баға беруге мүмкіндік береді.
Аида Балаева платформа Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іс жүзінде жүзеге асырып отырған тиімді құрал екенін жеткізді. Айтуынша, жүйе халық пен билік арасындағы сенімді нығайтуға ықпал еткен.
Ақпараттық жүйе өтініш беру үдерісін барынша жеңілдетіп, әр өтінімнің мәртебесін онлайн бақылауға мүмкіндік береді. Алайда жүктеме жоғары. Бір ғана мекемеге күніне 300-ге жуық өтініш түседі. Осыған байланысты жүйеге жасанды интеллект енгізу жоспарланып отыр.
Бауыржан Таңсықбаев, «E–Otinish» жобасының жетекшісі:
Жасанды интеллект азамат өтінішін талдап, қай органға жолдау керегін автоматты түрде анықтайды. Қажет болған жағдайда өтінім беру сілтемесін бірден ұсынады. Бұл мемлекеттік қызметкерлердің де, азаматтардың да уақытын үнемедейді. Сонымен бірге, өтінімнің маңызына қарай өтініш берудің қажеті бар яки жоқ екенін анықтап, бірден жауап береді.
Шара соңында салаға үлес қосқан азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Тағы біразы Президенттің алғыс хаты мен құрмет грамотасына ие болды. Конференция аясында азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеудің практикалық мәселелеріне арналған тақырыптық семинарлар да өтті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы