Жеңіс күніне орай жүгіруден марафон ұйымдастырылды
Бүгін елордада ересектер мен жасөспірімдер арасында жүгіруден марафон басталды. Қатысушылар бұл спорттық шараны Отан қорғаушы күні мен Жеңіс мерекесіне арнап отыр.
Марафоншылар екі күн ішінде 80 шақырым қашықтықты бағындырмақ. Астанадан шыққан олар - Новочеркасское-Макинск- Щучинск-Бурабай бағытымен жүгіріп өтеді. Елордаға 6 мамыр күні оралуды жоспарлап қойған. Биылғы жарысқа арнайы іріктеуден өткен 8 бен 40 жас аралығындағы 5 ересек адам мен 16 мектеп оқушысы қатысуда. Марафоншылардың қауіпсіздігін жол-патрульдік қызметі мен медицина мамандары жол бойы қадағалайды. Ұйымдастырушы әрі тәжірибелі марафоншы Тұрсынбек Оспанбеков үшін бұл 25-мерейтойлық жүгіріс. Ол бұған дейін Алматы мен Новосібірге екі рет, Омбы қаласына үш рет марафонмен барған. Осындай шаралар арқылы өскелең ұрпақты табандылыққа баулып, салауатты өмір салтын дәріптейміз дейді.
Тұрсынбек Оспанбеков, ұйымдастырушы:
Жол бойы кездесулер өткізіп, баскетбол, волейбол, үстел теннисі және тоғызқұмалақтан жарыстар ұйымдастырамыз. Сонымен қатар, Қазақстанның көрікті жерлерімен танысып, жол қиындықтарын жеңуді үйренеміз. Балаларды алдын ала дайындадық, мектепте жаттығулар өткізілді. Іріктеу кезінде олардың денсаулығына, сабақ үлгеріміне және спорттық секцияларға қатысуына баса назар аудардық. Биыл бізде ерекше рекорд, марафонға тіпті екінші сынып оқушылары да қатысып жатыр.
Әмір Бақтанов, марафонға қатысушы:
Бүгін және ертең 80 км жүгіреміз. Біз бәріміз достармен уақытты өткіземіз. Спортпен айналысамыз.
Таңертең елордадан жолға шыққан марафоншылар қазір 50 шақырымды артқа тастады. Біздің арнаға байланысқа шыққан қатысушылар табиғат аясында демалып жатқан сәттерін көрсетті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы